Қарағанды облысының «Алтын белгі» иелері Астана қаласына экскурсия жасады
Қарағанды облысы жастар саясаты басқармасы мектеп бітірушілер – «Алтын белгі» иелеріне, интеллектуалды олимпиада жеңімпаздарына және республикалық спорт жарыстарының жеңімпаздарына ҚР астанасының 15 жылдығына арналған экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Қазақстан Республикасы астанасының 15 жылдығы – 2013 жылдың ең бір маңызды оқиғаларының бірі. Мереке қарсаңында елімізде арнайы жаппай патриоттық іс-шаралар, науқандар, спорттық және интеллектуалдық жарыстар жүргізіліп жатыр. Осыған орай, біз жастарға – «Алтын белгі» иелеріне, олимпиада және ұлттық жарыстардың жеңімпаздарына экскурсия ұйымдастырдық», – деп мәлімдеді жастар саясаты басқармасы бөлімінің жетекшісі Азамат Сүлейменов.
Ол экскурсияның мақсаты патриоттық сезімді, өз елінің тарихына құрметпен қарауды қалыптастыру екенін атап өтті.
Экскурсияға барлығы 80 адам қатысты. Жастар «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойды, Әзірет Сұлтан мешіті мен Бейбітшілік және Келісім сарайында болды. Тұңғыш Президент мұражайы мен Атамекен мұражайында, сонымен қатар Бәйтерекпен танысты.
bnews.kz




