ОҚО әкімі жетім балаларға білім гранттарын табыстады
Ешкім де назардан қалмайды. ОҚО әкімі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп бітіруші 79 түлекке білім гранттарының сертификаттарын сыйлады.
Енді ҰБТ сынағынан қажетті балл жинай алмай, грантқа ілікпеген түлектің бір тобы әкімдік табыстаған сертификат арқылы облыстағы 11 жоғарғы оқу орындарында білімін тегін жалғастыра алады.
Балалар үйінен шыққан 79 түлек, қалаған мамандығы бойныша тегін оқиды. Былтырғымен салыстырғанда бұл 24 балаға артық. Тестілеуде 50 балдан жоғары жиғандардың барлығы да әкімнің тегін грантына ие болып отыр.
№4 Сайрам балалар үйінің түлегі Елена Мещерякованың арманы атақты биші болу. Бойжеткен жақында шығармашылық бойынша сынақтан өтпек. Десе де, Елена бұл емтихан алаңдатпайды. Өйткені, әкім берген жолдама оны ОҚО-дағы жоғарғы оқу орнында қалаған мамандығы бойынша білім алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде өтпелі балдан төмен жиған түлектер де оқудан тысқары қалмайтын көрінеді. Өйткені, оларды облыстағы орта арнаулы оқу орындары тегін оқыту үшін күтуде. Жалпы, биыл балалар үйінің 245 түлегі мектеп бітірген. Соның 130-ы ҰБТ-ға қатысқан. Ал ондағы 79 бала 59 балдан жоғары ұпай жинаған.
Baq.kz




