Шетелде тұратын қазақ балаларына арналған олимпиада өтуде
Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша елдің шет елдік оқушылары бақтарын сынамақ. Осындай мақсатты көздеген халықаралық Х олимпиада Астанада өткізілуде.
Білім сынағы барысында балалар тілді жетік меңгергендерін дәлелдеп шығуы тиіс. Олар елорданы аралап, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерімен танысатын болады.
Сәулет Дүкенұлы Қытай елінен атажұртқа ат басын осымен үшінші рет бұрды. Осы жолы жат жұртта жүрсе де, ана тілін ұмытпағанын дәлелдеу үшін жарысқа арнайы келді. Ол құндақтан анасының ақ сүтімен дарыған тілімен қатар ата салтын сақтап жүр. Тіл жарысынан жеңсе, білімін осында шыңдап, отанына көшіп келмек ниетте.
Сәулет ДҮКЕНҰЛЫ, олимпиадаға қатысушы:
- Біз жақтағы қазақтардың барлығы өз мәдениетін, ата салтын, қазақ тілін, әдебиетін атадан балаға жалғастырып келеді. Өз атажұртымызға келіп, осында өсіп-өнсем деген арманым бар.
Олимпиада қатысушыларының бірі Ажар Астанаға Ресейден келді. Ол Алтай өлкесіндегі қазақ диаспорасының намысын қорғамақ. Оның ана тілінде мүдірмей сөйлегенін көргенде еліміздегі қазақ мектептерінің оқушысынан айырмай қаласыз. Ресей қазақтарының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан алыстамағаны қуантты.
Ажар ҚАМАТОВА, олимпиадаға қатысушы:
- Біз өзіміздің қазақ ауылымызда және отбасымызда қазақша сөйлесуге тырысамыз. Қазақ тілін ұмытпас үшін Қазақстаннан кітаптар әкелінеді. Ата дәстүрді сақтай білеміз.
Шетелде тұратын қазақ балаларына арналған олимпиада осымен оныншы жыл қатарынан өткізіліп отыр. Жыл сайын бірқатар елден жүздеген оқушы қатысып, тіл майталмандарын анықтайды.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның проректоры:
- Жыл сайын осы жарыстан озып шыққан кемінде 10 студенті ел университеттерінің филология факультетінің студенті атанады. Еуропадан шекаралас аймақтардан Монголия, Қытай, Ресей, Өзбекстаннан балалар келіп отыр.
Олимпиадаға қатысушылар 3 күн бойы қазақ тілі мен әдебиеті және өнерінен бақ сынайтын болады.
24.kz




