Әлемге танылған оқу ордасы
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауы арқылы 20 жылдан аса уақытта атқарылған іс-шараларды қорытындылап, алдағы жылдарда атқарылуы тиіс мәселелердің басын ашып, болашаққа бағдар жасап, жаңа саяси бағыттың негізін қалады. «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді Стратегиясы 2030 Стратегиясының жалғасы деуге болады. Онда қалыптасқан мемлекетіміздің болашақта әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндеті мен елдің барлық салаларын дамытуға бағытталған негізгі асырылуға тиісті 7 басымдықты айқындап берді. Стратегияның «Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау және қайта даярлаудың негізгі бағдары» деп аталатын 4-ші тармағында Ұлт Көшбасшысы: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген болатын. Онда білім беру жүйесін модернизациялау: білім беру мекемелерін оңтайландыру; оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту; білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру сияқты үш негізгі бағытқа ерекше мән берілді.
Жаңа ғасыр қоғамды қайта құру жағдайында Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы басты міндеттердің бірі – ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін дамыту және жетілдіруді басты мақсат етіп отыр. Мемлекет мүддесін жоғары қойып, ел игілігі жолында қызмет атқарған Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жаңа Жолдауындағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы болашақтың іргетасын берік қалануына негіз болды.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясының мазмұнында халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы, экономика, білім мен ғылым, ел дамуының барлық салалары қамтылып, оларды дамытудың жолдары көрсетілген. Әрине, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы ғылыммен айналысып, ұрпақ тәрбиелейтін педагог-ұстаздар үшін болашақтағы білім мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін айшықтады. Педагог-ұстаздар елдің болашағы – жастарымыздың білімді де тәрбиелі, саналы да инабатты, өз халқы мен Отанын сүйе білетін жігерлі болып қалыптасуына аянбай тер төгеді. Бүгінгі таңда оларға жүктелген міндеттің жүгі ауыр екендігі баршаға аян.
Биыл сәуір айында өткен «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылар кеңесінің отырысында Президент Н.Ә.Назарбаев еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру міндеттерін орындау ғылым, білім беру мен кадрлар даярлаумен тығыз байланысты екендігін айта келіп, «ХХІ ғасырда Қазақстанның дамуы халыққа білім беру ісіне тікелей байланысты болады. Бүкіл дүниежүзінде солай» деп атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Ғ.М.Мұтанов «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында Елбасы нұсқауының мән-маңызы зор екенін былай пайымдап түсіндірген болатын: «Бәсекеге қабілетті, қуатты өндіріс орындарын өркендету үшін ең алдымен озық инновациялық технологиялар мен бәсекеге қабілетті білімді игерген білікті, кәсіпқой, озық ойлы мамандар қажет». Демек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де ортақ іске өз үлесін қосады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай құттықтау сөзінде былай деді: «Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті 75 жыл ішінде талай асулардан, күрделі кезеңдер мен қилы жолдардан өтті. Осы жылдар ішінде мың-мыңдаған қазақстандық жастар білім алды, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Ел аузындағы кеше мен бүгінгі айтулы ғалымдарымыз ұлттық тарих, экономика мен мәдениетке қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды. Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығының бірі деуге әбден болады. Дәл қазірдің өзінде республикамыздың басқару жүйесінде отырған білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды педагогтардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шыққандар. Университет түлектері байтақ Отанымыздың барлық түкпірінде жеңісті де жемісті қызмет етіп жатыр».
Иә, айтса айтқандай, Қазақ ұлттық университетінің қабырғасынан түлеп ұшып ,ел дамуына өзіндік үлес қосқан қайраткер қаншама десеңізші! Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Тұрсын Жұртбай, Жүрсін Ерман, Нұрлан Оразалин, Әзілхан Нұршайықов, Рахман Алшанов, Ақмарал Арыстанбекова, Мырзатай Жолдасбеков, Бақытжан Жұмағұлов, Қайрат Мәми, Тауман Төреханов секілді әйгілі тұлғалардың еңбегін ел жақсы біледі. Университет бүгінгі таңда да заман талабына сай түлектерді дайындауда.
Қара шаңыраққа айналған ұлттық университетіміз ең бірінші болып оқу жүйесіне кредиттік технологияда білім беруді толығымен енгізгенін айрықша атап өткен жөн. Халықаралық сапаға лайық етіп мамандарды дайындауда көптеген дамыған елдерде қолданылатын технологияның біздің елде, ҚазҰУ-да толығымен енгізу мәселесі кең үрдіске айналды. Мұның басты артықшылығы кредиттік технологияға сай оқу бағдарламаларын, стандарттар мен ғаламтор жүйесін, педагог-кадрларды жаңашылдыққа үйрету мәселелері кешенді түрде тез арада қолға алынды.
Университет аумағы Wi-Fi желісімен толық қамтылған. Кез келген уақытта жатақхана мен университет корпустарында, университеттің көз тартарлық, жұмысқа ыңғайлы аумағында ғаламторды емін-еркін пайдалануға жағдай жасалынған. Бұл жүйеге студенттер де, оқытушылар да тез арада үйренді.
Бұл оқу ордасында ғылыми-зерттеу бағытында маңызы бар ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда, халықаралық ғылыми институттармен, ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мәселесі қарқынды дамып жатқанын баса айтқан жөн. Оқытушылар мен студенттер тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерге баруға, оқуға мүмкіндіктер алды. ҚазҰУ қабырғасында жаңа жүйедегі ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, бүгінгі талапқа сай жабдықталған ғылыми зертханалар жұмысы іске қосылды. Химия, физика, биология, география факультетінің студенттері мен магистрлері үшін оқу бітіру жұмысын жазу барысында ғылыми тәжірибе жасауға тура келеді. Себебі дәл осы факультет студенттері мен магистрлері оқу бітіру жұмысына ғылыми эксперименттің нәтижесін қорытынды етіп жазады. Білікті мамандар даярлауға бейімделген ҚазҰУ үшін жас ғалымдардың, студенттер мен магистрлердің ізденістерін қамтамасыз ету қиынға соққан жоқ. Тарих факультетінде «археология және этнология» ғылыми-зерттеу орталығы, тас дәуірінің зертханасы, камералық өңдеу лабораториясы қызмет етеді. Тарих факультетінің қазіргі жетістігі ауыз толтырып айтуға тұрады. Себебі Республикамызда алғашқылардың бірі болып PhD докторантурада тарих, дүниежүзі тарихы бағыттары бойынша мамандар дайындала бастады. Тарих факультетінің алыс және жақын шетелдермен халықаралық ғылыми байланыстары тығыз орнатылған. Сол себептен факультет студенттері, оқытушы-профессорлары мен докторанттары алыс шетелдердің алдыңғы қатарлы білім беру және ғылыми орталықтарында тәжірибеден өтуге жағдай жасалған. Оның қатарында Германия, Түркия, Жапония, Қытай, Ресей, Италия, Голландия, Франция сияқты алпауыт елдердің мамандарымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірлескен экспедицияларға қатыса алады.
Тарих факультетінің палеолит мұражайы, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан археологиясы мұражайы, этнография мұражайы бар. Тың деректерге толған мұражайдан көптеген қызықты мәліметтер алуға болады. Мұражайлар – ұлттық тарихымыздың тереңдігі мен мәдениетіміздің жоғары екендігінің дәлелі. Бұл мұражайлардың басты міндеттері – имидждік, білім мен тәрбие беру, ғылыми-инновациялық, танымдық болып табылады. Осында сақталған жәдігерлер мен археологиялық деректердің негізінде біз қазақ халқының бай тарихынан, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолынан хабардар боламыз.
Факультеттегі Қазақстан тарихы кафедрасының Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сияқты шетелдердің кейбір жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелерімен халықаралық байланыстары артып келеді. Түркия, Жапония, Иран, Польша, ЮНЕСКО, IREX және т.б. халықаралық ұйымдардың ғалымдарымен ғылыми байланыс орнатылған. Кафедра ұжымы тарихшы мамандарды даярлау мен тарих ғылымына өзіндік үлес қосуда. Сонымен қатар университеттің басқа факультеттерінде Қазақстан тарихы пәні оқытылатын болды.
Биыл ҚазҰУ-де Орталық Азияның жоғары оқу орындарындағы ең үлкен кітапханасының тұсауы кесілген болатын. Жаңа кітапхана заманауи үлгіде жасалып, әлемнің талаптарына сай техникалық құралдармен жабдықталған, оның қорында екі миллионнан астам кітап бар. Оқулықтар, монографиялар, классикалық көркем әдебиеттер, сирек кітаптар мен ХVI-XIX ғасырлардағы қолжазбалар, 250 мың данадан астам мерзімді басылымдар жинақталған. Енді біздің студенттер, жас ғалымдарымыз бен оқытушы-профессорларымыз керекті материалдарын, кітаптарын университеттің өзінен іздестіріп, зерттеу жасауға қолайлы болды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тікелей бастамасымен еліміздегі жоғары оқу орындары секілді ҚазҰУ-де оқу үдерісін демократияландыру бағытында кредиттік оқыту технологиясы жүйесін жоспарлау мен ұйымдастырудың жаңа әдістерін қолдану, Дублин дескрипторларына сәйкес модульдік білім беру бағдарламаларын дайындап, бірнеше тілде білім беруді жетілдіру жұмыстары ауқымды түрде жүзеге асырылуда. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Елбасы атап көрсеткен өзектілігі кеміген және сұранысы төмендеген білім пәндерін заманауи жаңа академиялық пәндермен алмастыру, академиялық еркіндікті дамыту бағытында білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны толықтырылуда.
Университеттің білім мен ғылымды дамуына қосып отырған үлесін беделді халықаралық ұйымдар да жоғары бағалай бастады. Сөйтіп, жекелеген пәндер бойынша əәлемдегі 400 топ университеттер қатарынан орын алды, QS топ университеттер рейтингісінде әлемдегі 700 топ университет арасында 390-шы орынды иеленді. Халықаралық QS агенттігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды әлемдік университеттер арасында тұрақты даму мәселесі бойынша көшбасшы деп атады. Сондай-ақ QS Stars анықтамасы бойынша ҚазҰУ Орталық Азияда бірден-бір үш жұлдызды университет мәртебесіне ие болды. ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған тұңғыш әрі жалғыз университет болып табылады. Университет ректоры академик Ғалымқайыр Мұтанов Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы жоғары оқу орындары ішінде бірінші болып арнайы шақырумен халықаралық университеттер ректорлары қауымдастығына (International Association of University Presidents (IAUP)) қабылданды. Ректорлар қауымдастығының президенті Нил Кингтің айтуынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Академиялық ықпалдылық» бағдарламасының белсенді қатысушысы ретінде халықаралық деңгейде танылды. Ендігі жерде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым мен инновация, тұрақты даму, адами капитал және т.б. салалар бойынша бірлескен жобаларға бастамашы болуға мүмкіндік алды. Бұл университетіміз және оның ректорының халықаралық қауымдастықта беделі жоғары екендігінің нақты дәлелі болса керек.
Президент Н.Ә.Назарбаев алғаш рет экологиялық ойлау мен мәдениетінің жаңа ғылыми парадигмасын құрайтын ғаламдық энергия-экологиялық Стратегияны тұжырымдамасын ұсынған болатын. Осы жобаны негізге алған ҚазҰУ отандық ғылымда алғашқы наноспутник жасауды Қазақстанда бірінші болып қолға алды. Бұл жобаны іске асыру Токио университетімен бірлесе халықаралық консорциумдағы қазақстандық ЖОО кірген UNIFORM Project аясында басталды.
Университет ұсынған «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 инновация» жобасы зерттеу университетіне айналдыруға негізделген маңызды іс-шара деп айтуға болады. Бұл жобаның негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу, конструкторлық-тәжірибелік өңдеу нәтижелерін көп салалы ғылыми технологияларға конвертациялауды одан әрі өндіріске енгізіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосу болып табылады. Олар нано-биотехнология, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, дәрігерлік, ақпараттық технологиялар және қауіпсіздік сияқты өте қажет, бүгінгі заманның сұранысына сай бағытталған салаларға жаңа ғылыми технологияларды енгізуге, оларды өндіріске пайдалануға негізделеді. Бұл күндері университетте білім беру мен инновация аясында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғылым, білім беру мен инновацияның орталығы ретінде жаңа технологиялар мен инновациялық әдіс-тәсілдерді алдағы уақытта да жоғары деңгейде енгізіп, Қазақстан Республикасының дамуына айтарлықтай үлес қоса беретіні күмәнсіз.
anatili.kz




