Үкілі үміт және үздіктер

2 шілде 2013

Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының оқушыларына 41-ші аттестат тапсыру рәсімі болып өтті. 

Шараның ашылу салтанатында О.Жәу­тiков атын­дағы Рес­пуб­ликалық маман­дандырылған дарынды бала­лар­ға арналған физика-ма­тема­тика орта мектеп-интер­на­тының директоры Қайрош Мақышов биыл аталмыш білім ұясында 253 оқушы аттестат алып отырғандығын, соның ішінде 52 бала «Алтын белгіге» қол жеткізгендігін айтты. Қазақ-Британ техникалық университетінің ректоры Искандер Бейсембетов өзінің бұл мектепте оқығанын үнемі мақтаныш санайтындығын айтты. Сонымен қоса ол биыл өзінің баласы да бұл мектепті бітіріп жатқанына қуанышты екендігін білдірді. Ол дарынды балалардың білімі 70 пайыз мектепте қаланатындығын, ал 30 пайыз университет қалыптастыратындығын айта келе, дарынды балаларды университет қуана қарсы алатындығын жеткізді. Ал Алматы қаласының Бостан­дық ауданының әкімі Раушан Асанова Жәутіков мектебінің жетістіктеріне тоқталып, Ұлттық бірыңғай тесттен 125 балл жинаған Ботагөз Құспанғалиева мен Марғұлан Тоқтамысқа арнайы сыйлық берді. Сонымен қоса мектептің директоры Қайрош Мақышов те естелік кәдеге ие болды. Шара барысында оқушыларға аттестат беру рәсімі салтанатты жағдайда өтті.

«Алтын белгімен» марапатталған әрі Ұлттық бірыңғай тесттен үздік нәтижеге қол жеткізген Ботагөз Құспанғалиеваның сынып жетекшісі Нұрбану Қабыловамен тілдесудің сәті түсті.
– Шәкірттерімнің мен сабақ беретін биология пәніне деген қызығушылықтары да керемет болды. Физика мен математиканы ғана терең игеріп қоймай, барлық пәнді өте жақсы оқыды. Қайсар Мүсәлім, Ботагөз Құспанғалиева, Наурызбек Разақберген, Ақерке Жарқынбек, Дәуен Есхат, Арнұр Карбозов, Дәурен Ысқақ, Мадина Әсембекова секілді 8 оқушы «Алтын белгімен» марапатталғанына ризамын. Мен Б.Құспанғалиева мен А.Карбозовты ерекше айтқым келеді. Екеуі де өте дарынды оқушылар. Әсіресе мен Арнұрдың болашағына сенемін. Ол өте салмақты, көпшіл, достарына сыйлы оқушы. Сабақты жақсы оқып қана қоймай, спортпен де айналысады.
– Мектептің жетістігіне тоқталып өтсеңіз екен…
– Физика-матема­тика мектебінің түлектері Қа­зақстан ғана емес, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Со­ның ішінде мектеп басшы­­лы­­ғы ерекше мақта­нышпен айтаты­ны – дүние­жүзіндегі ең мықты білім ордасы – Массачусет технология инс­титутына (MIT) физматтық 4 тү­лектің түсуі. Бұл университет – көптеген жастың арманы­на айналған оқу орны. Соңғы алты жылда осы университетке түс­­кен төрт қазақстандық студент­тің төртеуі де физика-математи­ка мектебінен түлеп ұшқан еді. Сонымен қоса 300-ден аса түлек АҚШ-тың Гарвард, Калифорния (Беркли), Джор­д­жия, Ұлыбританияның Кем­бридж, Оксфорд, Лондон эко­номикалық мектебiнде, Ресей­дiң ММУ, Бауман атындағы ММТУ, Қытай, Сингапур, Канада, Гер­манияның айтулы оқу орын­да­рында білім алып жатыр, соның ішінде 32 бала үздік уни­вер­си­теттердің грант иегерлері. Ал еліміздегі Назарбаев Уни­верситеті рейтингісі бойын­ша Қазақстанның үздік мектебі – Жәутіков мектебі болып тұр. Өткен жылы бөлінген 500 грант­тың 53 грантын аталмыш мек­тептің оқушылары жеңіп алды. Қазіргі таңда Назарбаев Уни­вер­ситетінде 130 түлек оқыса, олар тек сан емес, сапа жағынан еш­кімге дес берер емес. Білім ұямызда соңғы 8 жылда 352 оқушы «Алтын белгіге» ие болған еді. Биыл 52 оқушы үздік марапатты еншіледі. Бұл рекордтық көрсеткіш. Мектебіміздің оқушыларының білімі жылдан-жылға жоғары дәрежеге жетіп келеді. Биыл Ұлт­тық тестке қатысқан 149 баланың 139-ы жүзден жоғары балл жинады. Жалпы, орташа көрсеткіші апелляция нәтижесін қоса есептегенде 111 балды құрап отыр. Одан бөлек, биыл 91 бала халықаралық олимпиадаларда оза шауып, топ жарғаны үшін тесттен босатылды.

Олай болса еліміз бойын­ша үздік саналатын Жәутіков атындағы мектеп-интернаттың оқушылары алдағы уақытта да жақсы жетістіктерімен көзге түсетін болады деген сенімдеміз.

anatili.kz

Ілгері Көрушілер саны: 32