Оңтайландыру оқу сапасын оңалта ма?

2 шілде 2013

Министрдің орынтағына отырысымен-ақ «жоғары оқу орындарын оңтайландырамын» деген еліміздің бас мұғалімі дегеніне жетті. Енді биылғы көктемде бекітілген заңға сәйкес, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының жалпы саны 100-ге дейін қысқарады. Мақсат – отандық білім сапасын жақсарту. Алайда бұл шешімге қарсылық білдіріп отырған шенеунік те, студент те, ұстаз да, ата-ана да көп. Алғашқылары кәсібінен, оқу орнынан, нәпақасынан айырыламыз деп алаңдаса, ата-ананы толғандыратыны – оқу ақысы. Себебі мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы жекеменшіктерге қарағанда бір­шама қымбат. Ал жекеменшіктен мемлекеттік оқу орнына ауыс­қан студенттердің сол қымбатшылыққа тап болатын түрі бар.

Шындығына келгенде, оқу орындары­ның саны азайғанмен, қазіргі студенттер саны азаймайды. Себебі жоғары оқу ор­ын­дарын оңтайландыру дегеніңіз жабылу емес, бірігу дегенді білдіреді екен. Яғни жабылған оқу орындарының сту­дент­тері «бағы жанған» оқу орындарына ауысады. Бұрын бір аудиторияда 30 бала оқыса, енді оқу орындарының бірігуі нәтижесінде тиісінше 60 бала білім алатын болады. Де­мек, мұғалімнің жүктемесі артады. Ал мұн­дай жағдайда онсыз да оңалмай тұр­ған сапаға сызат түсуі кәдік. Бірақ ауысып кел­ген студенттердің оқу ақысы артары анық. Егер жекеменшік пен мемлекеттік уни­верситет біріксе, сол жылы ғана бұ­рын­ғы оқу ақысының мөлшерін төлеп, ке­ле­сі жыл­дан бастап жаңа соманы төлейді екен. Ата-ананы алаңдатары да осы тұс. Ал біздің атқамінерлер «баға ұнамаса, бас­қа арзан жерге ауыс» деген ақыл айтып отыр.

Рахман Алшанов, ҚР ЖОО қауымдастығының президенті, ҚР Білім және ғылым министрлігі республикалық жоғары оқу орындарын оңтайландыру қоғамдық кеңесінің мүшесі, Тұран университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Бір жерде мамандықтары бірдей бес-алты оқу орны болғанша сапалы біл­ім беретін бір ғана жоғары оқу орны болған әлдеқайда тиімді. Әрине, жеке­мен­шік университеттердің дәрежесі тым нашар, төмен деп айта алмаймыз. Себе­бі өздерінің жеке, зәулім ғимараттары бар, кітап қоры мен базалық жабдық­та­луы жақсы, мықты жекеменшік оқу ор­да­лары баршылық. Тіпті кейбірі мемле­кет­тік университеттерді басып озады. Бірақ оңтайландыру шаралары еріккен­дік­тен емес, дәлел мен себеп болғаннан ке­йін ғана бекітілді. 2012 жылы жеке­мен­шік университеттердің арасында 4000 студентке тестілеу жүргізіліп, олар­дың 63% студенті «екілік» бағасын ал­ды. Халықаралық нормативтік актілер мен стандарттарға сәйкес келмеу бо­йын­ша қозғалған 20 істің 92%-ы тағы да сол жекеменшік жоғары оқу орындарына тиесілі. Осыдан-ақ жағдайдың мән-жа­йын түсінуге болатын шығар. Біріктіріл­ген оқу орындарының студенттері сол оқу жылына бұрынғы сомада ақы тө­лей­ді. Ал келесі жылға жаңа талап пен тәртіп бойынша қайта келісімшартқа отырып, жаңа соманы төлейді. Егер ұнамаса, бас­қа оқу орнына барсын, университет көп емес пе?

Осылайша жол сілтеген Алшанов мыр­за­ның айтуынша, бүгінде бірігіп үлгерген университет басшыларының арасында араздық туындап, талас-тартыс болып жа­тыр. Себебі екі бірдей мамандықтың ли­цен­зиясы бір жерде қатар жүрмейді. Сон­дықтан бірі кетіп, бірі қалуы тиіс жоғары оқу орындарының билігі де талан-таражға түскен. Кім оңайлықпен жылы, жұмсақ ор­нын біреуге бере салар дейсіз? Ол аздай, ҰБТ тапсырмастан оқуға түскен пысық сту­денттердің шикі әрекеттері әшкереленіп, дәл оқуын бітірер шақта далада қалғалы отырғандар да бар екен.

Министрлік үшін жоғары оқу орында­рын оңтайландыру оңайға соқпасы анық. Өйткені сыбайлас жемқорлық жайлаған жо­ғары оқу орындарының төңірегіндегі та­мыр-таныстық терең бойлаған. Бұл жай­лы білім және ғылым министрі Бақыт­жан Жұмағұлов ашық мәлім етті. Ол жур­на­листерге берген бір мәлімдемесінде «Әр университеттің соңында, әйтеуір, Ас­та­надан бір адам бар. Олардың сойылын соғып жүргендер депутаттық корпуста да, Үкіметте де, тіпті барлық басқарушы орта­лық органдарда да отыр. Енді қысқарту оңай шаруа болмайды. Дегенмен біз оны жүзеге асырамыз. Себебі әлемдік тәжіри­беде 1 миллион тұрғынға алты жоғары оқу орнынан келеді. Яғни халық саны 17 мил­лион десек, Қазақстанда 100 шақты ғана жоғары оқу орны болуы тиіс» деген еді. Алайда министр мырза 17 миллион тұр­ғыны бар елде қанша студент болу ке­ректігі жайлы айтпады. Өйткені біздің елде әр он мың адамға шаққандағы сту­дент­тер саны дамыған елдегіден көп. Ал оңтай­ландыру барысында қазірше бұл көрсет­кіш азаяр емес.

Осы мәселені байыптап отырған кей мамандар оңтайландыруды жүйелі түрде жүзеге асыру керек екендігін айтады.

Бақыт Қонысбаев, Ұлттық қорғаныс университетінің қызметкері:

– Қазақстанда білім беру орындарын ашпас бұрын, оның тұрған жері, сол ай­мақ­тың шаруашылықтың қай саласына бейім екендігі мүлдем ескерілмейді. Мы­салы, мұнай саласындағы маман­дар­ды дайындайтын университеттердің барлығы Алматы қаласында. Ал мұнай өңдеуші орындарымыз батыста, тіпті миға қонымсыз. Заңгерлерді педагоги­ка­лық маман иесі оқытады, қалай болса солай. Одан да ең алдымен осы мәселе­лер­ді шешіп алмаймыз ба? Енді келіп осынша адамға шаққанда осынша оқу орны болуы керек екен деп қанша жыл жа­сал­ған еңбекті еш қылмақпыз.


Мамандардың айтуынша, қазақ­стан­дық жоғары оқу орындарының бүгінгі бі­лім сапасы америкалық колледждердің бі­лімімен сәйкес. Сол үшін алдағы уақытта мемлекеттік гранттар көбейіп, мемлекеттік жоғары оқу орындарының беделі көтері­ліп, білім сапасы арттырылмақ.

Алайда оқу орындарын оңтайландыру барысында білім сапасына тікелей қатысы бар кадр мәселесі өзгеріссіз қалатын тәріз­ді. Ал сапалы маман болмаған жерде са­палы білім жайлы сөз ету де артық.

Марат Қайырленов, «Ұлағат бизнес групп» зерттеу компаниясының директоры:

– Сапалы білім дегеннің өзі не? Жұ­мыс табу ма? Қазір қолында дипломы бар, бірақ жұмысы жоқтар өте көп және олардың бәрі жекеменшік жоғары оқу орындарының түлектері емес. Жұмыс­сыз­дардың ішінде мемлекеттік универ­ситетті бітіргендер де бар. Оқу орында­ры­ның көп болуы бәсекелестікті арттыр­май ма? Ал бәсекелестік бар жерде сапа да жоғары болады. Одан да жұмыспен қамтылған түлектерге қарай ашық жа­рия­ланым жасайық. Қай университеттің түлегі жұмыспен қаншалықты қамтылды, яғни білім сапасының дәрежесі де сон­дай деген сөз. Қашан оқу орындарының рейтингілері ашық жария болады, сонда ғана сапа көтеріледі.

Түйін

Осылайша әрі тартса бері жетпей жатқан жоғары оқу орындарын оңтайландыру шараларының қандай нәтиже берері қазірге жұмбақ кейіпте. Бірақ бірде-бір студент пен оқытушы далада қалмайды деп сендірген шенеуніктеріміз әлі де күн сайын жаңа оқу орындары ашылып жатқанын айтып отыр. Соңы не боларын уақыт көрсетер. Тек оңтайландыру барысында мұғалімдердің, студенттердің мүддесі толық ескерілсе екен.

alashainasy.kz

Ілгері Көрушілер саны: 879