ҚазҰУ қалашығында «Кангнам Северанс» клиникасы ашылмақ
Қазақстанның оқу орнына арнайы келген оңтүстіккореялық делегация іссапарлары барысында «Кангнам Северанс» клиникасы медико-диагностикалық орталығының ашылуы туралы меморандумға ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов пен «Кангнам Северанс» клиникасы директорының орынбасары Ким Сонг Мун қол қойды.
Орталық өз жұмысын жаңа оқу жылында бастайды. «Кангнам Северанс» клиникасы орталықты 750 млн теңге көлемінде қаржыландырып, медициналық құрал-жабдықтармен және әлемдік стандарт сапасына сай қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Ол кампус аумағында құрылысы жүріп жатқан студенттерге қызмет көрсету орталығында орналасады.
«Оқытушылар мен студенттер заманауи жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтармен медициналық көмек ала алады. Орталықта толық диагностиканы өткен соң, қажет болған жағдайда Оңтүстік Кореяның «Кангнам Северанс» клиникасында жеңілдікпен емделе алады. Сонымен қатар Ёнсе университеті ҚазҰУ-дың медико-биологиялық кластеріне маман даярлау бағдарламасына атсалысады», – деді кездесу барысында «Кангнам Северанс» клиникасы директорының орынбасары Ким Сонг Мун.
2011 жылы тамыз айында Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бактың Қазақстанға арнайы іссапарында Қазақстан және Корея Республикаларының денсаулық сақтау министрлері ҚазҰУ-да медико-биологиялық кластер құру меморандумына қол қойды. Диагностикалық орталық осы жоба аясында ашылады. Бұл жоба биология және биотехнология факультеті базасында іске асырылып, биомедицина бағытын дамыту болмақ.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтаудың жай-күйі – еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму кезеңінің көрсеткіші болып табылатын маңызды факторлардың бірі. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында университеттерге тиімді инновациялық инфрақұрылым жасау, ғылымға инвестиция тарту, өмірге инновациялық ғылыми-зерттеулердің нәтижесін ендіру міндеттерін қойған болатын. ҚазҰУ-да медико-биологиялық кластерді құру білім жаңалықтары мен технологиялық жетістіктерді шоғырландыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасап, тәжірибеге енгізуге жол ашады», – дейді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.
ҚазҰУ қалашығында 55 мың шаршы метрді құрайтын заманауи аурухана, ғылыми-зерттеу зертханасы, қажетті инфрақұрылымы бар медициналық орталық салынады. Бұл жобаны қаржыландыруға 22,8 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылады. Бүгінде жоба-сметасының құжаттамалары, құрылыс жұмыстарын 3 жыл көлемінде аяқталады деп күтілуде.
Жобаның іске асуына Сеул ұлттық университеті, Ёнсе (Оңтүстік Корея) университеті жанындағы «Кангнам Северанс» клиникасы, Корё университеті, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Гонконг және Сингапурдың инженерлік-жобалық, құрылыстық және қаржылық компаниялар тартылуда.
«Кангнам Северанс» клиникасы – 130 жыл бұрын құрылған, бұл елдегі батыстық үлгідегі бірінші медициналық мекеме, заманауи корейлік медицинаның дамуына негіз болған. Клиника барлық медициналық қызмет түрлерінен көмек көрсетеді. Ал табыстың бір бөлігі халықтың әлеуметтік деңгейі төмен бөлігінің емделуіне жұмсалатын болады.
alashainasy.kz




