Министр ҰБТ-ны бұрынғыға қарағанда жоғары бағалайды
Ресми мәліметке сүйенсек, ел тарихында биыл оныншы рет ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп, осы жылдар ішінде еліміздің 1 млн 335 түлегі сынақтың осы түрінен өтіпті. Биылғы тестілеуге 95 487 түлек қатысса, олардың 27 465-і немесе 28,8 пайызы 50-ді еңсере алмаған. Дегенмен межеден аттаған 68 мың 22-нің тек тең жартысы ғана мемлекеттік грантты еншілей алады. Кеше бірқатар БАҚ өкілдерінің басын қосқан білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Ұлттық бірыңғай тестілеудің алдын ала нәтижелерімен таныстырды.
Министрдің мәліметіне қарағанда, еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа деңгейі 74,5 балды құрады. Бұл былтырға қарағанда 3,6 тармаққа жоғарылағанын көрсетеді. Ең жоғары көрсеткішке Алматы және Астана қалалары қол жеткізгені байқалады. Ал тестілеуде шекті 50 балл көрсеткішін еңсере алмағандар саны 27 465 адамды немесе өтініш бергендердің 28,8 пайызын құраған. Бұл көрсеткіш те былтырғыға қарағанда оңдырақ. 100 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген түлектер саны 11 167-ні немесе 11,7 пайызды құраса, ең жоғары көрсеткіш – 125 балға жеті түлек табан тіреген. Осының өзі ҰБТ деңгейінің жоғары көрсеткіші ретінде қарастырылады. Білім министрі Бақытжан Жұмағұловтың айтуына қарағанда, биыл ҰБТ өткен жылдармен салыстырғанда сапалық жағынан да, ұйымдастырушылық жағынан да біршама ілгерілеген. «Әрине, өткен он жыл ішінде ҰБТ түрлі сатыдан өтті. Ең бастысы, біз ұлттық тестілеу арқылы әлеуметтік маңызды функциялардың орындалатынына баса мән бердік. Ал жетілдіру барысында біздің түлектерді бағалаудағы адами факторды араластырмау мәселесіне, сыбайлас жемқорлыққа ерекше назар аударылды. ҰБТ-ны жетілдіруге қатысты мынадай үш маңызды құрамдас бар екені белгілі. Біріншіден, біз он жыл ішінде аса объективті бағалауға қол жеткіздік. Екіншіден, жоғары білімге тең әрі бәріне бірдей қолжетімділік қамтылып отыр. Азаматтар өз ауданынан, өңірінен алысқа бармай-ақ тестілеуге қатысатын мүмкіндікті иеленді», – деді Бақытжан Тұрсынұлы. Бұл ретте министр Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларына қатысты ешқандай сын мен ескертулер болмағанын да алға тартады. «Біз бұған дейінгі кемшіліктер мен олқылықтарды, ескертулерді зерделеп қана қоймай, он жылдағы жұмысқа сараптама жасап шықтық. Соның арқасында тест тапсырмаларының сапасы жақсарды. Мұны апелляция нәтижелерінен көруге болады. Мәселен, осы жылдар ішінде 700 апелляция берілсе, соның 0,1 пайызы ғана қанағаттандырылған. Сонымен бірге, біз әлемдік тәжірибелерді, соңғы жылдардағы ескертпелерді есепке ала отырып, тест тапсырмаларының 50 пайызға жуығын қайта қарап шықтық. Қазақстанның ең үздік педагогтері сауалдар әзірлеуге атсалысты. Сондықтан да биыл тест тапсырмаларына қатысты ешқандай да ескерту болған жоқ», – дейді министр. Ең бастысы, соңғы жылдары мектеп ұстаздарының да, оқушылардың да тестілеуге деген көзқарастары өзгерген.
Әңгіме барысында министр 2015 жылдан бастап елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі кезеңмен жүзеге асыру қажеттігін де меңзеді. Ұққанымыз: бұл 12 жылдық білім жүйесінің енгізілуіне қатысты орын алады. «Шындығында да, біз 2015 жылға қарай тестілеу екі кезеңде: мектеп бітірушіні бағалауға қатысты тестілеу және жоғары оқу орындарына түсуі үшін кешенді тестілеу болып өтетіні жоспарлануда. Бұл ең алдымен 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге көшумен байланысты болып табылады. Бұл бағытта бейіндік мектептер қарастырылады. Ондай мектептерде біз 11-12 сыныптарда балаларды жоғары оқу орындарына түсуге бағдарды қамтамасыз етеміз. Ал олар үшін жоғары оқу орындарын таңдау міндетті болмақ. Сондықтан да біз шектеуді алып тастамаймыз», – деді Б.Жұмағұлов.
alashainasy.kz




