Білім саласында атқарылар жұмыс көп

1 шілде 2013

Мемлекеттің басты саясатының бірі – оқушыларға сапалы білім беру екені белгілі. Аталмыш саланы жетілдіру бағытында талай игілікті істер атқарылып жатыр. Көркіне көз тоярлық, ішіне кірсең шыққысыз зәулім ғимараттар бой көтеріп, сол білім ордаларының түгелге дерлігі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл игілікті істер әлі де жалғасын тауып келеді. Кәдеге жарап келе жатқанына 60-70 жылға жақындаған барлық мектеп ғимараттары жаңартылды. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қамқорлық көрсетіліп отыр. Ендеше, біздің мектеп бітірген өрендердің өресі биік болып, кез келген сынақтан сүрінбей өтуіне әбден болады. Десе де біздің білім саласында әлі де қолға алатын істердің бар екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Биыл Сыр өңіріндегі өрендер еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша он бірінші орынға табан тірепті. Әрине, осыдан төрт-бес жылдай бұрын ең соңғы орынның бірін иеленген өңір үшін осының өзі төмен көрсеткіш емес қой деп тоқмейілсуге болар еді. Дегенмен өмірдің өз заңдылығы бойынша бір орнында тоқтап қалуға болмайды әсте. Ілкімді істер­мен ілгері басуға ұмтылыс қажет. Қызыл­ордалық өрендердің ондай биікті бағын­дыруға, талпыныс жасауына барлық мүмкіндік бар. Қабілет-қарымы да жетеді. Жақында Ұлттық бірыңғай тестілеу қоры­тындысы бойынша өткен басқосуда облыс әкімі оның себеп-салдарын тарқата айтып берді. Аймақта жоғары санатты мұғалімдер саны жетіспейді. Олардың саны еліміз бойынша көрсеткіштен бес есе төмен екен. Тағы бір қынжыларлығы, мұғалімдердің жоғары, бірінші және екінші санаттарына үстемеге бөлінген қаражаттар игерілмей кейін қайтарылып жатады.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Қызылорда облысының әкімі:

– Биылғы көрсеткіш бізді қанағат­тандырмайды. Әсіресе Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы оқушы­лардың тест нәтижесі біз күткендегіден көп төмен. Осы қорытындыға сәйкес 27 мектеп басшысына сенімсіздік білді­ремін. Баланың обалына қалып, мек­тепті күнкөріс көзіне айналдырған ди­ректорлармен қош айтысатын боламыз. Жеке басының пайдасы үшін мем­лекеттік мекемеде халықтың  обалына қалуға болмайды.


Сыр өңірінде үстіміздегі жылы 7755 түлек алтын ұя білім ошағынан үлкен өмір­ге қанат қақты. Түлектердің 65 пайызға жуығы тест сынақтарына қатысып, бағын сынап көрді. Облыстағы оқушылардың орташа балы 73,4-ті құрады. Қуанарлығы, бұл былтырғы көрсеткіштен 9-10 балға жоғары болып отыр. Ал өкініштісі «Алтын белгіге» үміткер атанған 196 баланың үштен бір бөлігі ғана өз білімдерін дәлел­деп шықты.

Сала мамандарының айтуынша, тест нәтижесінде білім деңгейі қанағаттанғысыз деп бағаланған түлектердің саны был­тырғыдан 3,5 есеге қысқарған екен. Сон­дай-ақ шекті балдан 681 бала өте алмаса да, ол былтырғыдан біршама аз болып отыр. Облыс бойынша мектеп түлектерінің үштен екі бөлігінен астамы қатысса, бұл көрсеткіш Шиеліде – 55, Аралда 50 пайызға зорға жетеді. Ал білім ордалары бойынша ең жоғары қатысу деңгейі қазақ-түрік лицейлері мен дарын­ды балаларға арналған мектеп-интернат­тың үлесіне тиеді. Білім деңгейі бойынша да облыс орталығының оқушы­лары көш басында келді. Олардың орташа көрсеткіші 76,83 балды құраса, Жалағаш ауданының жас ұландары қызылордалық құрдастарын өкшелеп келеді, 76,2 пайыз. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш Қазалы ауданында 67,2 пайыздан аспайды. Білім ордалары арасында №10 мен №9 қазақ-түрік лицейлерінің орташа балы 103,6 және 98,7-ні шамалаған. Әйтсе де бұл жөнінен ілгерілеушілік байқалмайды. Оған қоса «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» алушылар қатары да былтырғыдан екі еседей төмендеп кеткен. Былтыр 42 мектеп білім беру жөнінен жоғары көрсеткішке қол соза алмаса, биыл да сол мектептер дәл сондай көрсеткішті тағы да қайталады.

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

– Төмен көрсеткіштің себебі мынада болып отыр. Сыр өңірінде жоғары санатты мұғалімдердің саны өте аз. Ұстаздың білімін жетілдіруде қалып­тасқан жүйе жоқ. Мұғалімнің жүктемесі де аз. Облыстық әдістеме орталығы мен білім басқармасы жұмысты өз дең­гейінде ұйымдастыра алмады. Ең бастысы, заманауи техно­логияның енгізілуі мен пайдалану деңгейі көңіл көншітерлік емес. Облыстық білім басқармасы, қалалық және аудандық білім бөлімдері мұғалімдердің білік­тілігін арттыруға немқұрайды қараған. Жұмыстың негізгі бөлігі бастауыш сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі мекемелерге бағытталған. Біздің оқушылар математика пәнінен еліміз бойынша ең төменгі көрсеткішті иеленген. Соған қарамастан, осы пәннің мұғалімдері біліктілігін арттыру тізіміне енгізілмей қалған. Оған пән мұғалім­дері санаттарының төмендігі де кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, еліміз бойынша жоғары санатты мұғалім­дердің үлес салмағы 15 пайызды шамалайды. Ол бізде біршама төмен. Сондай-ақ санаты жоқ мұғалімдердің үлес салмағы да республикалық көрсеткіштен жоғары деңгейде.


Тағы бір айта кетерлігі, облыс мұғалім­дерінің жүктемелері жергілікті жауапты мекеменің назарынан тыс қалып келген. Атап айтқанда, штаттық бірліктен нақты адам саны жоғары болып отыр. Мәселен, мұндай жағдай Сырдарияда көбірек кездеседі, бұл аудандағы мұғалімдердің 70 пайызға жуығының оқу жүктемесі 1 став­кадан төмен екені байқалады. Ал 15 пайызы жарты ставканы місе тұтып жүрген жағдайы бар. Қазалыда жарты ставкамен жұмыс жасайтындар 23 пайызды шама­ласа, Шиеліде мұғалімдердің небәрі 28 пайызы ғана толық ставкамен қызмет етіп келеді. Тағы бір қынжыларлығы, кей мұғалімдердің педагогикалық білімдері сабақ беретін пәндеріне сәйкес келе бермейді.

Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша Қазалы ауданында 10 мектеп төмен нәти­же көрсеткен. Ал ондай көрсеткіш Аралда – 5, Шиеліде – 7, Жаңақорғанда – 2 және Қызылорда қаласында – 4 мектепті құрайды. Мемлекеттік сынақта төмен нәтижені көрсеткен мектеп директор­ларының басшылық қызметтегі еңбек өтілі 4 жылдан 27 жылға дейінгі мерзімді құрайды.

Ертеректе ата-бабалар «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дегенді бекер айтпаса керек-ті. Білімдінің жұлдызы жоғары боларын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Оқу мен білімнің арқасында алыстан хабар алғызып, тастан сарай салғызып жүрген мемлекеттер баршылық. Біз де солардың қатарына қосыламыз десек, білім саласындағы жұмыстарды жүйе­легеніміз артық емес. Сыр өңірінен кезінде талай марқасқа ғалымдар шықты, зиялы қауым өкілдері дүниеге келді. Ендеше, осындай биікке көтерілу басты міндеттің бірі болса керек-ті. Облыс басшылығының осы бағытта қолға алған жұмыстары алдағы уақытта өз жемісін береді деген сенімдеміз.

alashainasy.kz

Ілгері Көрушілер саны: 861