Кәсіптік білімге серпін беретін келісім

1 шілде 2013

Қарағанды облысының кәсіптік мектептерінің оқушылары тәжірибе жинақтау мен жұмысқа орналасу бағытында жеңілдіктерге ие болмақшы.

Бұл шара облыс әкімдігі мен «Машинажасау консорциумы» ЖШС арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандумның арқасында жүзеге аспақ. Облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен өңірлік кеңестің кезекті отырысында кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту және кадрлар даярлау мәселесі кеңінен талқыланды.

Кеңесте аймақ басшысы кәсіптік бі­лім­ді дамытудың проблемаларына тоқ­тала келе, Қазақстанда тұратын халықтың жартысынан астамының орташа жасы 30-дан төмен екенін айтып өтті. «Осы жас­тағы жұмыс істейтіндер үлесі эко­номикалық белсенді тұрғындар санының үштен бір бөлігін құрайды. Сондықтан сапалы білім беруді қамтамасыз ету, нарықта сұранысқа ие мамандық алу – міне, бұлар кәсіптік-техникалық білім беруді ұйымдастырудың негізгі басым­дықтары болып табылады», – деді ол.
Отырыста еңбек нарығындағы ағым­дағы және болжалдық жағдай жөнінде «Мемлекеттік-жекелік әріптестіктің өңірлік орталығы» АҚ инвестициялық жобаларды әзірлеу департаментінің директоры Дмитрий Шумеков баяндама жасады.

Білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, техникалық және кәсіптік бағыттағы мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қа­лыптастыру жөнінде оралымды ойларын ортаға салды. Ал машина жасау саласына қажетті кадрларды даярлауда оқытудың дуалды жүйесін қолдану туралы «Машинажасау консорциумы» ЖШС директоры Болат Кенжин баяндады. Машинажасау мен металлөңдеу сала­сындағы техникалық мамандардың бі­ліктілігін арттыру және қайта даярлау ор­талығын құру мәселесін Қазақстанның машинажасаушылар Одағының атқа­ру­шы директоры Темірлан Алтаев көтерді. Осы тақырыпты онлайн режимінде ТМД кәсіптік білім беру бойынша базалық ұйымының басшысы, Белорусь Республикасының кәсіптік білім берудің республикалық институтының ректоры Аркадий Шкляр жалғастырды.

Бауыржан Әбдішев биылғы жылдың көктемінде Қарағанды облысының делегациясы Беларусь Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтқанын еске салып өтті. Ал бұл өз кезегінде кә­сіптік-техникалық білім беру саласында екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа жаңаша серпін берген.
– Машинажасау мен металлөңдеу саласындағы техникалық мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даяр­лау­дың бірлескен орталығын құру сұранысқа ие мамандарды даярлауды жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз, – деді облыс әкімі. Осыдан кейін облыс әкімдігі мен «Машинажасау консорциумы» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – мате­риал­дық-техникалық базаны нығайту және жаңарту, жоғары білікті кадрлар даярлау, білім алушыларды өндірістік практикадан өтуге тарту және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру арқылы оқыту сапасын арттыру.

Осы құжатқа сәйкес консорциум білім алушылардың өндірістік практи­касын ұйымдастыру және өтуіне, арнайы пәндер оқытушыларының және өнді­рістік оқыту шеберлерінің машина жасау саласының кәсіпорындарында білік­ті­лігін арттыру және тағылымдамадан өтуі­не қолдау көрсетуді өз мойнына алады. Сонымен қоса өндірістің талап­тарын ескере отырып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға қолдау көрсету, еңбек нары­ғының сұраныстарына сәйкес кадрларды кәсіптік даярлау бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға қатысу, дуалды оқыту жүйесін енгізуге қолдау көрсетуді де консорциум өз міндетіне алып отыр.

www.aikyn.kz

Ілгері Көрушілер саны: 801