Берері мол байқау
2012 жылдың қараша айында «Тұран-Астана» университеті оқушылар мен студенттер арасында Тоқтар Әубәкіров атындағы жастардың инновациялық ғылыми жобаларының халықаралық байқауының бірінші кезеңін жариялаған болатын.
Сол уақыттан бері айтарлықтай көп уақыт өтпесе де жастардың инновациялық ғылыми жобаларының халықаралық байқауы біздің өмірімізде маңызды орынды иемденіп үлгерді. Байқауды жариялағаннан кейін оған қатысуға 400-ден астам өтініштер түсіп, «Facebook» іздеу жүйесі арқылы әлемнің 12 елінен ниет білдірушілерден ұсыныс келіп жетті. Оған Сингапур, Қытай, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Филиппин, Малайзия, Вьетнам және т.б. мемлекеттер қатысып, географиялық ауқымы кеңейе түсті.
Алдымен жастардың инновациялық ғылыми жобаларының халықаралық байқауы дегеніміз – біріншіден, жастарды ғылымға баулиды. Екіншіден, байқауға «Тұран-Астана» университеті тарапынан айтарлықтай қолдаулар жасалынып, сан-алуан тақырыптарда ғылыми конференциялар өткізіліп, жүргізілген зерттеулер нәтижелері жарияланды. Апта шеңберінде сараптамалық комиссия тарапынан байқаудың 1-ші кезеңінен сүрінбей өткен 216 ғылыми жоба қаралды. Сөйтіп, КСРО-ның еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров төрағалық еткен әділқазылар алқасы нәтижелерді де жариялады.
Бас жүлде «ЭКСПО-2017 – болашақтың қуаты» ғылыми жобасымен қатысқан «Тұран-Астана» университетінің «Дизайн» мамандығының студенті Элла Дауменоваға берілді. Оған Тоқтар Әубәкіров жүлдесімен қатар Қарағанды қаласында өтетін «Expo-CFMP 2013» халықаралық инновациялық көрмесіне Астана қаласының атынан қатысуға құқық беретін жолдаманы қоса табыс етті. Байқауға қатысушыларға арналған қорытынды сөзінде Тоқтар Әубәкіров: «Әрбір адам әуел бастан өз бетінше талантты болып келеді. Тұлғалық даму үстіндегі және өз қабілеттерін дамытушы адам екі есе талантты. Сіздер – біздің елдің болашағысыздар. Бұл байқаудың ғылыми жаңалықтар ашу үшін маңызды серпінге айналарына сенімдімін», – деді.




