Білім министрі биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша есеп берді

28 маусым 2013

Осы 10 жыл ішінде еліміздің 1 млн. 335 түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Бұл барлық қазақстандық мектеп түлектерінің 80 пайызын құрайды.  Бүгін БАҚ өкілдеріне ҰБТ нәтижесі бойынша эксклюзивті сұхбат берген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

"Әрине, осы жылдар үшінде ҰБТ-ға түрлі қадамдар болды. Ең бастысы, біз Бірыңғай ұлттық тестілеу арқылы әлеуметтік маңызды функциялардың орындалатынына баса мән бердік. Ал жетілдіру барысында біздің түлектерімізді бағалаудағы адами факторды араластырмау мәселесіне, сыбайлас жемқорлыққа ерекше назар аударылды. ҰБТ-ны жетілдіруге қатысты мынадай үш маңызды құрамдас бар екені белгілі. Біріншісі, біз он жыл ішінде аса объективті бағалауға қол жеткіздік. Екіншіден, жоғары білімге тең әрі бәріне бірдей қолжетімділік қамтылып отыр. Азаматтар өз ауданынан, өңірінен алысқа бармай-ақ тестілеуге қатысатын мүмкіндікті иеленді", - деді Б. Жұмағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, биыл жалпы алғанда ҰБТ жоғары деңгейде өтті. Алдын ала әзірліктер барлық өңірлерде қамтылып, сынақ шаралары атқарылды. "ҰБТ жақсы деңгейде өтуіне ең алдымен жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдарының өкілдері, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар белсене атсалысты. Жалпы, демографиялық жағдайға сәйкес, 2013 жылы мектептерден бітіріп шыққан түлектер саны  былтырға қарағанда 14 мыңға аз болды", - деді Б. Жұмағұлов. 

2013 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге Қазақстан бойынша 99 565 адам қатысуға ниет білдірген, олардың 68 316-сы қазақ тілінде, қалған 31 249-ы орыс тілінде білім алғандар, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығы.

Биыл 7 мектеп бітірушісі ең жоғарғы 125 баллды жинады.

Атап айтқанда, ең жоғары балды Павлодар облысы, Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп лицейінің түлегі Әсел Әйткенова, Шымкенттегі М. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған 8-ші гимназия түлегі Аида Ысқақ және Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп интернатының түлектері Ботагөз Құспанғалиева мен Тоқтамыс Марғұлан, сондай-ақ Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназияның үш түлегі - Нұржан Қамзаев, Самал Құмарова және Ақбөкен Сахтанов иеленген.

Естеріңізге саламыз, биыл ҰБТ Қазақстанда 3-9 маусым аралығында өтті.   

Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті 50 балл көрсеткішке қол жеткізе алмағандардың саны 27465 түлекті немесе өтініш бергендердің 28,8 пайызын құрайды.

Ал, 20110 жылы бұл көрсеткіш 43163 түлекті немесе 36,8 пайызды құраған болатын.

"100 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген түлектер саны 11167-ні немесе 11,7 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 10756 адамды немесе 9,2 пайызды құраған еді. Ал, ең жоғары көрсеткіш 125 балға 7 түлек қол жеткізді",-деді Б. Жұмағұлов.

Министр сондай-ақ биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларына қатысты ешқандай ескертулер болмағанын жеткізді.

Оның айтуынша, ҰБТ-ны өткізу жұмыстары барынша жан-жақты дайындықпен жүзеге асты.

"Біз бұған дейінгі кемшіліктер мен олқылықтарды, ескертулерді зерделеп қана қоймай, он жылдағы жұмысқа сараптама жасап шықтық. Соның арқасында тест тапсырмаларының сапасы жақсарды. Бұны аппеляция нәтижелерінен көруге болады. Мәселен, осы жылдар ішінде 700 аппеляция берілсе, соның 0,1 пайызы ғана қанағаттандырылған. Сонымен бірге, біз әлемдік тәжірибелерді, соңғы жылдардағы ескертпелерді есепке ала отырып, тест тапсырмаларының 50 пайызға жуығын қайта қарап шықтық. Қазақстанның ең үздік педагогтары сауалдар әзірлеуге атсалысты. Сондықтан да биыл тест тапсырмаларына қатысты ешқандай да ескерту болған жоқ", - деді Б. Жұмағұлов.

Оның айтуынша, соңғы жылдары мектеп ұстаздарының да, оқушылардың да тестілеуге деген көзқарастары өзгерді. 

"Бұрынғыдай 10-11 сыныптарда оқушылар уақытын жаппай тест тапсырмаларын жаттаумен өткізбейді. Ал тест тапсырмаларында ең бастысы, стандартты орындауларға салмақ жасап, логикалық сұрақтардың санын арттырдық. Осының арқасында биыл жақсы көрсеткішке де қол жеткізіп отырмыз",  - деді Б. Жұмағұлов.  Министрдің сөзіне қарағанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес әр облыста тест сапасын бақылайтын департаменттер құрылған.

news.nur.kz

Ілгері Көрушілер саны: 848