Ақтөбеде физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды
Ақтөбе қаласында физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды, деп хабарлайды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының баспасөз қызметі.
«2013 жылдың 25 ақпанында Батыс-2 шағын ауданы мекен жайы бойынша Ақтөбе қаласында физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өз есігін айқара ашады. Бұл - Мемлекет басшысының бастамасымен ашылғалы отырған республикамыздағы оныншы Зияткерлік мектеп. Білім беру нысанының ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова және Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сәуле Өмірбекова қатысып, мектептің оқушылары мен олардың ата-аналары алдында құттықтау сөз сөйлейді деп күтілуде», деп жазылған хабарламада.
Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі - 720 адамға арналған, 120 жатын орындық нысан. Жаңа мектеп Батыс-2 шағын ауданында орналасқан. Мектеп ғимаратында 59 кабинет, зертханалар мен педагогикалық және ақпараттық технологияларды интеграциялау орталығы, жеке сабақ беру және психологиялық бейімдеу кабинеттері, 360 орындық асхана, екі спорт және акт залы, қысқы бақ орналасқан. Мектептегі жаңа құрылғылар, био және нанотехнологиялық зертханалар, 159-дан астам компьютер мен 660 ноутбук, 60 интерактивті тақта - бәрі оқушылар игілігі үшін беріледі. Мектеп аумағында 5400 шаршы метрлік футбол алаңы, теннис және хоккей корты, волейбол және баскетбол алаңы бар заманауи спорт кешені орналасқан.
Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мұғалімдерінің бос орындар лауазымына үш рет конкурстық іріктеу ұйымдастырылды (2012 ж. 28, 29 наурыз, 19, 20 қараша және 2013 ж. 23, 24 қаңтар айларында). Оған Ақтөбе қаласымен қатар, Хромтау, Қандыағаш пен Шалқар қалаларынан 376 үміткер қатысты. Негізгі және қосымша іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша, конкурстық комиссия 97 мұғалім Зияткерлік мектепте жұмыс істеуге лайық деп ұсынды. Оның ішінде 63 пән мұғалімі, сонымен қатар 2011-2012 жылдары Назарбаев Университеті базасында оқудан өткен 100 мұғалімнің қатарындағы ағылшын тілі пәнінің 10 маманы (PDP) бар. Сонымен қатар, ұсынылған мұғалімдер қатарындағы 20 педагогтың Кембридж универсиетінде үш айлық деңгейлік бағдарлама арқылы біліктілігін арттыру курсынан өткенін атап өту керек.
Сонымен қатар 2012 жылдың 14-21 қазан аралығында қазақ және орыс тілінде білім алатын 7, 8, 9 сынып оқушылары арасында іріктеу конкурсы өткізілді. Конкурсқа қатысу үшін 2382 өтініш қабылданды. Іріктеудің екі кезеңінің қорытындысы және Республикалық комиссия отырысы шешімімен 574 үміткер «Өркен» грантының иегері атанды.
Бүгінде Қазақстанның 8 қаласында – Астана (2 мектеп), Талдықорған, Көкшетау, Семей, Өскемен, Орал, Қарағанды, Шымкентте жалпы саны 9 Зияткерлік мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар Алматы (2), Петропавл, Павлодар, Атырау, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Ақтау қалаларында мектептердің құрылысы жалғасуда.
Источник: bnews.kz




