Бастауыш сынып оқушылары мектепте ақылы түрде тамақтанады

1 ақпан 2013

Еліміздегі орта білім беретін мектептердегі бастауыш сынып оқушылары мемлекет тарапынан тамақтандырылмайды. Тек, Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында ғана 1-4 сынып шәкірттері ақысыз тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеп отыр. 

Айта кетейік, министрдің блогына Розалия Тен есімді шығысқазақстандық тұрғын хат жазып, 1 сыныпта оқитын кіші қызы мектепте ақылы түрде тамақтанып жатқандығын айтып шағымданған және мұның қаншалықты заң аясында екендігін де сұрапты.

Ал, министр болса тегін тамақ тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына, жетім және ата-ана қамқорынан айрылған оқушыларға, төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға ғана берілетіндігін айтып отыр. Қалған оқушылар, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысының шәкірттері де оқу орнында ақылы түрде тамақтанады.

Сондай-ақ, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің бастамасымен осы өңірлердегі мектептердің 1-4 сыныбында оқитын барлық шәкірттері мемлекет есебінен ас-ауқатпен қамтамасыз етіліп келеді.

Ілгері Көрушілер саны: 761