Білімін жетілдірудің де біраз әлегі болады

1 ақпан 2013

Әрине қарамағындағы қызметкерлерінің білімін жетілдіруге көңіл бөлетін білім ошақтары басшыларының ниеті жақсы-ақ. Бірақ, мұғалімдерін оқу курстарына өздері жіберіп алып, артынан іссапарға кеткен шығындарын төлемей қоятын мектеп директорларының қылығын қалай түсінсек екен?

Қаржы министрі Болат Жәмішевтың блогына хат жазған атыраулық ұстаз Фатима Ашықбаева өзінің былтыр маусым айында Алматы қаласына осындай курсқа барғанын, бірақ содан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге іссапар ақысын ала алмай отырғанын айтып шағымданған. Іссапарлық құжаттары түгел дұрыс ресімделгеніне қарамастан(барғаны-қайтқаны туралы мөр соғылған іссапар куәлігі,екі жақты жолбилеттері, жатақханада жатқандығы туралы түбіртек) мектеп басшысы мемлекеттің оған жұмсайтын артық қаржысы жоқ деп оның шығынын төлемей қойған. Енді биыл сол мұғалімге тағы да Алматы қаласына білім жетілдіру курсына бару жоспарланып отыр. Фатима Ашықбаева министрге: «Сол 2012-жылғы іссапар шығынын 2013-жылы алуға бола ма, әлде төленбеуі дұрыс па?» деп сауал жолдапты.

Қаржы министрі жауабында: «...ҚР мемлекеттiк мекеме қызметкерлерiн қызметтiк iссапарға жiберу бойынша шығыстарын өтеудің тəртiбi мен шарттарын реттейтін Ереженiң нормаларына сәйкес іссапар шығыстары өтелуі тиіс. Мемлекеттік мекеменің 2012 жылы төленбеген және бухгалтерлік есепте көрсетелген іссапар бойынша берешегі 2013 жылы белгіленген тәртіппен берілуі керек» делінген.

baq.kz

Ілгері Көрушілер саны: 756