Шетелде білім алып келген жас мамандардың потенциалын дұрыс пайдалана алып отырмыз ба?

16 қараша 2012

Болашақ» бағдарламасы аясында ең алғаш 1994 жылы бір топ қазақстандық студент білімдерін жетілдіру үшін шетелдік жоғары оқу орындарына аттанды. Алғашқы жылдары студенттеріміз әлемнің 13 елінде білім алса, бүгінде үміткерлерге әлемдегі 32 елдің алдыңғы қатарлы 630 оқу орнында оқи алатындай мүмкіндік қарастырылған. Осы уақыт ішінде мыңдаған студенттеріміз мемлекет көмегімен шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алды. Әйтсе де бүгінгі күні олардың қаншасының мемлекетке қызмет етіп жатқаны белгісіз. Қоғамда шетелде білімін жетілдіріп келген жастар жайлы тартысты пікір де көп. Сондықтан дәстүрлі айдарымызда «Шетелде білім алып келген жас мамандардың потенциалын дұрыс пайдалана алып отырмыз ба?» деген сауалды мамандар назарына ұсынған едік.

«Алаш айнасы»

Рахман АЛШАНОВ,

Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымының докторы, профессор, академик, «Тұран» университетінің ректоры:

 – Шыны керек, «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алған жастардың барлығының бірдей потенциалын ел мүддесі үшін пайдаланып отырмыз, олардың бәрі бірдей мемлекетке қызмет етіп жатыр деп айта алмаймын. Оған түрлі жағдайлар себеп. Шетелге кетіп білім алған жастарымыздың қай-қайсысы болсын білімді жастар. Сондықтан оларды өз мемлекеттерінде қалдырып, қызметке тартқысы келгендер бар. Жақсы жалақы ұсынып, жағдайыңды жасаймын деп тұрған ұсынысқа кім қызықпасын? Өкінішке қарай, біз шетелде оқып келген жастарымызға ондай мүмкіндіктер ұсына алмай­мыз. Сондықтан олардың арасында оқыған жерінде қалып қойғандары бар.

Сондай-ақ шетелде оқып келген жастар кейде біз ұсынған жұмыстарда істегісі келмей жатады.  Біз мүмкіндігінше жұмысты сатылап бастаған дұрыс деп түсіндіруге тырысамыз. Кейбіреулері елімізге келген соң «шетелде мынандай, бізде неге олай емес» деп тулайды. «Біз сені солай айтып келу үшін емес, елімізге келген соң көрген-білгенін елімізде де қолданысқа енгізсін деп жібердік қой» деп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Осы жағдайларға да байланысты кейде оларды жұмысқа орналастыру қиын болып жатады.

Тағы бір айта кетер жайт, кейбір жастарымыздың шетелде оқып келген мамандығы бойынша елімізде жұмыс табылмайды. Сондықтан алдағы уақытта еліміздегі компанияларға сұрау салып, қандай маман керек екеніне алдын ала сұрау салып, сол мамандарды оқытып алдыртқан дұрыс секілді. Мәселен, оларға қандай маман керек екені туралы алдын ала «Болашақ» бағдарламасына тапсырыс берсін, ал жас маман шетелде білімін жетілдіріп келген соң әлгі өндіріс орнына жұмысқа қабылданып, шетелде оқып-білгенін әлгі компанияда пайдалансын. Осы орайда жастарымызды біз шетелде кез келген мамандыққа емес, нағыз өзімізде сұраныс тудырып отырған салалар бойын­ша оқытуымыз керек секілді. Әйтпесе елімізге келген соң жұмыс таба алмай, сенделіп жүретін болса мемлекеттің қыруар қаржысын шығарып оқытудың қажеті қанша? Жалпы, жастарымыздың шетелде білімін жетілдіру – жақсы бастама. Халықаралық қарым-қатынас күшейіп, байланыс артқан сайын жастардың да терең білім алуға мүмкіндіктері кеңейе түсуде. Алайда біз тауып беріп жатқан жұмыстардың шетелде оқып келген түлектердің көңілінен шықпауына орай немесе олардың білімдеріне сәйкес жұмыс табылмауы секілді жағдайларға байланысты туындап отырған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруымыз керек.

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жастардың барлығын бірдей тізімдеп, еліміздің мүддесі үшін жұмыс істеуге тарта алмай отырмыз. Алайда – шетелде білім алып келген, білімді жастардың потенциалы біздің үлкен байлығымыз. Ал байлықты шашуға болмайды. Оны тиімді, ел мүддесі үшін пайдалана білуіміз керек.

Сілтеме: «Алаш айнасы»

Ілгері Көрушілер саны: 935