ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды
Ведомство басшысы «Білім беруді, ғылым мен өндірісті интеграциялау негізінде ұлттық ғылыми және инженерлік зертханаларды ұжымдық қолдануды дамытудың болашағы» тақырыбында өткен республикалық семинар-кеңеске қатысты. Ғылыми форум Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде өтті.
Министрдің пікірінше, жоғары оқу орындары жанында инновациялық құрылымдарды құруға назар аудару кажет: бизнес-инкубаторларды, технопарктерді, ғылыми әзірлемелер мен технологияларды коммерцияландыру орталықтарын құру. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2013 жылдан бастап бағыттар бойынша осындай құрылымдар құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ ЖОО-лар жанында ғылыми және жобалық-конструкторлық ұйымдар, бірлескен құрылымдық бөлімшелер ашу көзделген.
«Бұл ғылыми зерттеулерді жүргізуге, бәсекеге қабілетті интеллектуалды меншік өнімдерін құруға негіз салады. Онымен бірге жекеменшік секторларды экономикалық ынталандыру, ғылыми және инновациялық қызметке тарту бойынша шараларды ойластыру керек», - деп атап өтті Б. Жұмағұлов.
Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов семинар-кеңесте оқушыларды кәсіби бағдарлау мәселесін көтерді. «2012 жылдың қорытындысы бойынша облыстың білім беру мекемелерінің шығарылымдарына жасалған талдау нәтижесі көрсеткендей, жалпы алғанда түлектердің 60 пайызы 9-шы сыныптап кейін колледждер мен кәсіби лицейлерге оқуға түседі, қалған 40 пайызы мектептегі оқуларын жалғастырады. Екі жыл оқығаннан кейін орта мектеп түлектерінің 36 пайызы колледжге оқуға түседі, ал 9 пайызы кәсіби емес қызметкерлердің және жұмыссыздардың қатарын толықтырады», - деп мәлеметтерді келтірді ол.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, еңбек нарығына батытталған кәсіби білімнің үздіксіз моделін енгізу қажет.
ҚР Білім және ғылым министрі сондай-ақ ҚарМТУ-де ұйымдастырылған елдің ұлттық және инженерлік зертханаларының көрмесін аралап көрді. Ведомство басшысы жоғары оқу орындарының активімен кеңес өткізді, онда еліміздің дамуының жаңа кезеңіндегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды.
Жұмыс бабындағы сапары барысында министр Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен №101 мектеп лицейін, дуалды оқыту орталығын аралады.
ҚазАқпарат




