«Болашақ» мәселесі сөз болды

21 қыркүйек 2012

Үстіміздегі 2012 жылдың қыркүйегінен бастап батысқазақстандық жастардан «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдана бастайды
Осыған орай, жақында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы» тақырыбында өңірдегі білім, ғылым, денсаулық салаларының басшылары және жоғары оқу орны ректорларымен кездесу өтті.

Онда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның вице-президенті Әсет Әбдуалиевтің атап өткеніндей, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасы 1993 жылы бастау алғаны мәлім. Аталмыш бастаманың негізгі идеясы -  дарынды жастардың шетелде білім алуы мен тәжірибе алмасуы.

Аталмыш бағдарлама бойынша жыл сайын мыңнан астам түлек шетелдерде оқып, елімізге қайта оралуда. Мәселен, білімі жоғары, мемлекеттік қызмет саласында кем дегенде екі жылдан астам уақыт қызмет істеп жүрген дарынды жастар аталған бағдарламамен магистратурада үш жыл оқиды. Дипломының орташа балы 4,0-ден кем болмауы қажет. Талапкер шет тілі, мемлекеттік тіл, психологиялық тестілеу, тәуелсіз сараптау, Конституцияны білу сияқты байқаулардан өтеді. «Болашақ» стипендиясына үміткерлерге бірнеше талаптар қойылады. Алғашқысы - университетке өз бетімен түскен талапкерлер. Яғни шетел университеттерінің барлық талаптарын орындап, магистратураға түсе алған студент "Болашақ" стипендиясына өтініш бере алады. Бірақ бір ғана талап бар. Талапкер сол салада ең кемі 2 жыл жұмыс атқарған болуы керек.
Стипендия бойынша білім алуға мүмкіндік мемлекеттік қызмет саласында үздіксіз 3 жыл қызмет атқарған адамдарға берілген еді. Бұдан былай 2 жыл жұмыс тәжірибесі бар, соңғы бір жылын мемлекеттік қызметте өткізген кез келген талапкер "Болашаққа" арыз беріп, бағын сынай алады.

Педагогикалық саланы таңдаған маманға қойылатын талап - осы салада кем дегенде бір жылдық тәжірибенің болуы. Ал бакалавриатты бітіріп, бітірген оқу орнында жұмыс жасаймын деп ниет білдірген талапкерлер "Елге келген соң, сол университетте 5 жыл жұмыс жасау" шартымен стипендияға ие бола алады.

Сонымен қатар ғылыми, медициналық және инженерлік салада білімін жетілдіргісі келетін үміткерлер өз саласы бойынша кем дегенде 3 жыл қызмет атқарған болуы керек. Дәрігерлер бағдарлама бойынша медицинасы жақсы дамыған Израиль, Корея мемлекеттеріне барып, тәжірибе алмасады. Бұл елдерде келісімшарт бойынша сабақ түсіндіру орыс тілінде жүреді. «Болашақ» стипендиясы магистратура, PhD докторантура және тәжірибе алмасу үшін бөлінеді. Магистрлік бағдарламаны 1-3 жыл, PhD докторантураны 3 жылдан 5 жылға дейін, ғылыми тағылымдамаларын 1 айдан 12 айға дейін оқытады. Сонымен қоса шетелде оқып келген соң өз облысында сол мамандығы бойынша 5 жыл қызмет атқаруы тиіс.-Батыс Қазақстанда шетелде оқып келген мамандар аз. Жеке де, мемлекеттік оқу орнының түлектері де бағдарлама бойынша үміткер бола алады. Үміткерлерден өтініштерді арнайы келіп қабылдайтын болсақ, енді құжаттарын электронды көшірме арқылы www.bolashak.gov.kz сайтына жібере алады. Болашақта шалғайдағы аудандар үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарын тапсыруға жағдай жасалады, - дейді «Халықаралық бағдарлама» АҚ вице-президенті Әсет Әбдуалиев.
«Болашақ» бағдарламасы жастар үшін жасалып жатқан зор мүмкіндік екенін облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгінов те айтты.

Ілгері Көрушілер саны: 604