Халықаралық келісімдер бойынша Қазақстанда 40 мемлекеттен шетелдік студенттер білім алуда

24 қыркүйек 2012

21 қыркүйекте «Kazakhstan Education Abroad» көрмесі мен форумы өз жұмысын бастады.

Форум барысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдері шәкіртақы тағайындау рәсімдері және стипендианттарды оқыту үшін университеттердің іріктеу талаптары туралы, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының ағымдағы жұмысы мен жоспары таныстырылды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, ведомство 23 халықаралық ұйыммен ынтымақтастықты жалғастыруда. Бүгінде білім мен ғылым саласында 45 мемлекетпен 131 келісім жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар ол қазіргі кезде еліміздегі жоғары оқу орындарымен 7 774 келісім бекітілгенін жеткізді. Бұған қоса А. Абылайхан халықаралық келісімдер аясында студенттермен алмасу тәжірибесі іске асырылып жатқандығын және бұл шаралар арқылы осындай тәжірибемен бірқатар мемлекет қамтылғанын атап өтті.

Бүгінде халықаралық келісімдер бойынша ақысыз негізде Қазақстанда 40 мемлекеттен 10 мыңнан астам шетелдік студенттер білім алуда.  Ал, Ауғанстаннан келген мамандарды даярлау айрықша орында. 2020 жылға дейін еліміздің жоғары оқу орындарында 1 000 ауғанстандық студентті оқыту жоспарланып отыр.

ҚазАқпарат

Ілгері Көрушілер саны: 730