Үкімет өнеркәсіп саласындағы өнертапқыштардан қаржы аямайтын болады
Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік өнеркәсіп саласы үшін бірегей инновациялық технологиялар жасап шығарған отандық өнертапқыштарға қомақты ақшалай гранттар ұсынуға әзір.
Бүгін баспасөз мәслихатында аталған агенттік басшылары осылай мәлімдеді.
Атап айтқанда, агенттіктің Корпоративтік даму орталығы департаментінің басшысы Бауыржан Айтілеудің айтуынша, шараға қатысушылар инновациялық гранттың 9 түрі бойынша мемлекеттік қолдауға ие болып, бұл бағытқа қомақты қаржы қарастырылады.
«Мәселен, жаңадан істі қолға алған жас бизнесмендер дамудың бастапқы сатысында 50 млн. теңгеге дейін инновациялық грант иелене алады, ал технологияны коммерцияландыру бағытында 30 млн. теңгені алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік зерттеулерге - 30 млн. теңгеге дейін, шетелдік мемлекеттерде немесе өңірлік патенттік ұйымдарда патенттеу жұмыстарына 250 мың теңгеден 6 млн. теңгеге дейін қаражат қарастырылып отыр», - дейді Б. Айтілеу.
Сонымен қатар, өндірісті жақсарту мақсатында басқару технологияларын енгізу үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар да 15 млн. теңгеге дейін қаражат ала алады. Ал шетелдерде инженерлік-техникалық персоналдардың біліктілігін арттыруға 2 млн. теңгеге дейін, жоғары білікті шетелдік мамандар тартуға 9 млн. теңгеге дейін, консалтингтік, жобалық және инжиниринг ұйымдарының қызметіне 35 млн. теңгеге дейін, технологияны иеленуге 150 млн. теңгеге дейін қаражаттар беру қарастырылмақ.
«Конкурстың міндетті шарттарына келер болсақ, мемлекет бөліп отырған қаражаттың тиімді жұмсалуын арттыру үшін өтініш беруші тараптың жүзеге асыруға қатысты жобаны бірлесе қаржыландыру қағидатын енгіздік. Бұл ретте өтінім жыл бойына қабылдана береді», - дейді Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік басшысы Айдын Құлсейітов. Оның айтуынша, мемлекет қолдауымен елімізде берілетін инновациялық гранттар жұртшылық арасында кеңінен танылып отыр. Мәселен, 2011 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда өтінім берушілер саны екі есеге артып, 679-ға жеткен. Үш жыл ішінде 8,8 млрд. теңгенің жоғары сұранысқа ие болған 166 жобасы қаржыландырылған. Ал ағымдағы жылғы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 3,5 млрд. теңге жұмсау көзделуде.
ҚазАқпарат




