Басқарушылардың солақайлығы

10 қазан 2012
Жыл сайын қайталанатынына елдің де, билік басында отырғандардың да еті өліп кетті. Әйтсе де қанша жерден үйреншікті жағдай ғой деп көз жұмып қарағанымызбен, бөлінетін қаржыны күтіп отырған салалар дамуы неғайбыл күй кешуде. Басқарушылардың енжарлығы ел экономикасына, әлеуметтік тұрмысқа орасан нұқсан келтіріп жатқанына қалай көз жұмып қарауға болады?

Есеп комитеті «Парасат» Ұлттық ғы­лыми-технологиялық холдингі» АҚ-тың бөлген республикалық бюджет қаражат­тары мен мемлекеттік активтердің қалай пайдаланылғанын тексеріп, қорытын­ды­сын шығарды. Отырыс барысында аталған холдингтің 2011 жылға дейін даму стра­тегиясы болмағаны анықталды. Оның жасаған жұмыстарының саны мен сапасы да айқындалмай келген. Баса мән берілетін мәселенің бірі - холдинг өзіне қарасты ен­шілес ұйымдардың жұмысын үйлестіріп отырмақ түгілі, олармен шаруасы болма­ған. Оған дәлел - еншілес ұйымдар хол­дингтің қатысуынсыз 8,4 млрд теңгенің зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Бұдан холдингтің хабары да жоқ болып шықты. 
Есеп комитетінің мәлімдеуінше, ғы­лым салалары бойынша тәуелсіз сарап­шыларды таңдау критерийі бекітілмепті. Нәтижесінде мемлекеттік ғылыми-техни­калық экспертизалар жүргізу бойынша мамандардың квалификациясы мен сер­тификатын бекіту процедуралары қарас­тырылмаған да. Ғылыми ұйымдар әлемдік әдебиетке интернет арқылы еркін кіруге мүмкіндік алатын болдық деп, тымақтарын аспанға ата қуанғанын білеміз. Кезінде холдингтегі басқарушылар да «ғалымдар әлемнің түкпір-түкпірінде ашылып жат­қан ғылыми жаңалықтар туралы ақпарат алып, өздерінің жұмыстарымен салыстыра алады» деп қазақстандық ғалымдардың делебесін қоздырып қойғаны да мәлім. Сөйтсек, ғалымдардың әлемдік әдебиетке қолын жеткізбек тұрмақ, 322 ұйымның 219-ы бұл қызметті тіпті пайдаланбағаны анықталды. Осы 219 ұйымның интернет қызметін пайдалануы үшін 216,5 млн теңге бөлінген. Ол игерілмей қалып отыр. Әлде , біздің ғалымдарға ондай ақпараттың қажетi жоқ болды ма екен?
«Ғылым қоры» АҚ болса жұмысын қағаз бетінде отырған күйі қозғалмаған сыңайлы. Ғылыми зерттеулер мен жұ­мыс­тарды зерттеу, ғылыми өнімдер мен қыз­меттердің тиімді нарығын қалыптастыруды дұрыс ұйымдастырудың жолдарын қарас­тырмаған да. Мемлекеттің интел­лек­туал­дық меншік құқығын иемденуі заң бойын­ша реттелмеген де. Басқару орын­­­дарында отырғандардың сапасының өте төмендігін (қай деңгейдегі болсын) тәуелсіз сарапшылар осы уақытқа дейін талай рет айтып келеді. Сарапшы Мағбат Спанов 2008 жылғы дағдарыстан 2-3 жыл бұрын біздің басқарушыларымыздың отыр­ған орнына лайықты еместігіне бай­ланысты экономикалық дағдарыстың жа­қындап қалғанын ескертіп, оларға етек-жеңді жи­нап, мемлекет, қоғам мүддесі үшін еңбек етуге шақырған болатын. Айт­қандай, 2008 жылғы ғаламдық дағдарыс біздің банк секторын қиратып кетті. «Егер басқару­шы­лар мықты болса, қанша жер­ден ға­ламдық дағдарыс болғанымен, оның дауы­лы дәл сондай сан соқтыра алмас еді» дейді сарапшылар. Басқарушыларға ол да сабақ болмаған сыңайлы, мешеу­лік­тен, енжарлықтан арыла алмай отыру - соның көрінісі. 
Есеп комитетінің есебі бойынша, ин­новациялық технологиялар парктері мен технопарктер алаңдарының жобаларын жүзеге асыру пайдаланылмаған, тек қара­жаттың айтарлықтай бөлігі жабдықтар мен материалдар сатып алуға жұмсалған. Шаруашылық ауызсу қорын бағалау жобасын жүзеге асыруға Су комитеті мен Білім және ғылым министрлігі Ө.М.Ах­­­­мед­­­сафин атындағы гидрология және геоэкология институты ЖШС-ға артық 60,7 млн теңге аударған. 
Ал «Қаржы орталығы» АҚ болса, ал­дыңғы жылдары бөлінген мемлекеттік несиелерді жабуды (жалпы көлемі 1,6 млрд теңге) тиімсіз жүргізіп келеді екен. Екінші деңгейлі банктерден студенттердің білім алуға қажетті қаражатты алуы үшін осы орталық бөлген 1850,0 млн теңгенің 1 011, 0 млн теңгесі кеңселік ғимараттар алуға және оларды жөндеуден өткізуге жұмсалып отыр. Ал ақылы білім алғысы келген жастар қаражатқа қол жеткізе ал­май қалды. Ал «Қаржы орталығы» АҚ бол­са пайдаланылмайтын алаңдарды квази­мемлекеттік секторларға жалға беріп, қа­рап отыр. Олар болса жалдық төлемді республикалық бюджет есебінен төлейді екен. Нәтижесінде, 2010-2011 жылдары «Қаржы орталығы» АҚ бейіндік емес қызметтерінен 180,7 млн теңге таза пайда тауып, оның 90,3 млн теңгесін өздерінің жұмсауына қалдырыпты. 
«Тиімді экономикаға көшу керек» деп айтудан жалықпай келе жатқан Елбасының сөзі басқарушылардың бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кетіп жатқа­ны­ның шағын ғана көрінісі бұл. 
Барлық салада осындай ахуал орнығып алған. «Бәрі солай жасап жатыр ғой? Есеп комитеті жылына бір рет жариялайды да қояды. Оны кім тыңдайды дейсің» деген ұғымның батпандап кіріп, басқару­шы­лар­дың санасын жаулап алғаны сонша, оны сетінету қиынға соғып тұр.

Ілгері Көрушілер саны: 577