Әлемнің 27 елінде Қазақстан студенттерінің 67 қауымдастығы бар

10 қазан 2012

Әлемнің 27 елінде Қазақстан студенттерінің 67 қауымдастығы бар. Бұл ақпаратты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының бүгінгі І слетінде мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Әлемнің 27 елінде Қазақстан студенттерінің 67 қауымдастығы бар. Ақылға салып, шет елде жүрген 30 мың жасты ойлаңыз, сол жастардың зияткерлік белсенділігін ойлап көріңіз, «Қазақстан» деп соғып тұрған 30 мың жүрек дүрсілін сезініңіз. Олар не армандайды, осы 30 мың жасты не алаңдатады, Отандары үшін не істегісі келеді - міне, бүгінгі Слеттің мақсаты осыны білу», - дей келе Саясат Нұрбек Слет алдында тұрған негізгі үш міндетті жеке атап көрсетті. 

«Ең алдымен, осы қауымдастық төрағаларының басын қосып, бір жылға арналған нақты жоспар құрамыз. Екінші үлкен мақсат - Қазақстанды шетелде қалай танытамыз деген сауалдың жауабын іздейміз. Үшіншіден, шет елде оқып, елге оралған осы жастардың білімін, жаңа көзқарастары мен идеяларын, зияткерлік әлеуетін Қазақстанға ең дұрыс жолмен қалай енгіземіз деген мәселені анықтаймыз. Сондықтан тұңғыш рет өтіп отырған бүгінгі Слеттің маңызы зор», - деді ол. 

Айта кетейік, Астанада 10-11 тамызда өтіп жатқан Қазақстанның шетелдегі студенттік ұйымдарының І слетіне АҚШ, Германия, Австрия, Канада, Қытай, Ресей, Чехия, Испания, Малайзия, Корея, Түркия сынды елдердегі қауымдастықтардан 200-ден аса делегаты қатысып жатыр.

Ілгері Көрушілер саны: 542