Жастар тұжырымдамасы «Жол картасына» айналса игі...

2 қазан 2012

Қоғамға ой салып, қадау-қадау тапсырмалары министрліктерге арқау болған Елбасының таяудағы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы тұтастай жастар мәселесіне арналған десе де болады. Соған орай, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді қолға алған еді. Кеше министрліктің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова еліміздің бірқатар жастар ұйымдарының басшыларымен кездесіп, тұжырымдамаға қатысты ұсыныстарын тыңдады. 

Айтқандай, жақында ғана Білім ми­нистр­лігі өз құрылымынан Жастар ісі жө­нін­дегі комитетті ашқанын естіген едік. Ен­дігі күні тұжырымдаманың жобасын ел­дегі жастар ұйымдарының жетек­ші­лерімен бет­пе-бет талқылауды жөн са­наған Білім ми­нистрлігі Президент пәр­меніне шындап кі­ріскен сыңай танытады. Бұл ретте кез­десуді ашып, сөз сөйлеген жауапты хатшы Әлия Ғалымова Елбасының таяуда жарық көр­ген бағдарламалық мақаласын  елі­мізді жаңғыртудың жаңа сатысына, ұлт­тың, мемлекет пен адамның еңбек са­ласындағы бәсекеге қабілеттілігін арт­тыратын жаңа кезеңнің бастауына ай­на­латынына сенім білдірді. Расында, ұдайы Елбасы назарында жүретін жастар сая­саты бағытында қыруар шаралар ат­қа­рылып жатқаны шындық. Басқасын қоя­лық, тек соңғы жылдары елімізде жастар сая­сатын жүзеге асыруға бағыт­тал­ған жо­ба­ларды қаржыландыру еселеп өсуінің өзі бі­раз жайтты аңғартады. Мәсе­лен, 2012 жы­лы орталық деңгейдегі бюд­жеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат жас­тар жо­ба­лары мен бастамаларын қар­жы­лан­дыруға бөлінген. Бұл 2010 жылғы көр­сет­кішпен салыстырғанда 75 пайызға артық. Де­генмен осы бағыттағы саясатты те­рең­дете түсудің қажеттілігі де сезіледі. Әл­гін­дей 2020 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзір­леудегі басты мақсат та – сол.

Ал тұжырымдаманың жалпы сипатына келетін болсақ, министрлік ең алдымен жұ­мысшы жастар мен ауыл жастарына ба­рын­ша көңіл бөлеміз дегенді алға тартады. «Бұл ғана емес, алдағы уақытта жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты заңнама да жаңаратын болады. Ендеше, бұндай игі бас­таманың барысында жастар ұйым­да­рымен ашық пікір алаңын ұйым­дас­тыр­ған­нан ұтарымыз мол», – дейді жа­уапты хатшы Әлия Қайратқызы. 

Өз кезегінде жастар ұйымдары тара­пы­нан бірлі-жарым ұсыныстар да ай­тылды. Мә­селен, «Жас отан» жастар қа­наты жастар саясатының тұжы­рым­да­ма­сында өс­келең ұрпақты ең­бек­сүйгіштікке, еңбек­тің құндылықтарына тәрбиелеу мәселесіне ба­рынша көңіл бөліну керектігін айтады. Ал Қазақстанның жастар конгресі тұжы­рым­даманы жастардың «Жол картасына» айналғанын тілейді. «Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бұл жастар үшін арнайы «Жол картасына» айналса игі. Тұжырымдама – елдегі 4 миллионнан астам жасты біріктіріп, олардың бо­лашақтағы сұрақтарына жауап беруі шарт. Ең бастысы, терроризм мен экстремизм  қа­тері қаулап тұрған бүгінгі заманда ұлт­тық идеоло­гия­лық шаралар кешенін қам­ты­сақ. Өйткені жас­тарды сауатты идеоло­гия­лық тұрғыдан да қолдау жеткіліксіздеу. Біз алдағы уа­қыт­та министрлікке осыған қа­тысты ұсыныстар топ­тамасын беруге әзір­міз», – дейді Қазақстан жастар конгре­сінің атқарушы директоры Шахмардан Байманов. 

Айтпақшы, бұған дейін Елбасы мем­ле­кеттік органдар басшыларына «жастармен кө­бірек кездесіңдер, жиі-жиі ашық сұх­баттасыңдар, сонда ғана олардың кө­ке­йіндегіні ұғасыңдар» деп қоян-қолтық жұ­мысты шегелеп тұрып тапсырғаны есте еді. Әйтсе де, мынадай сұхбат алаңына күні бұ­рын құлағдар етілгеніндей, білім ми­нистрінің өзі келуі тиіс еді, хатшысын жі­бер­гені түсініксіздеу көрінді.

Источник: alashainasy.kz

Ілгері Көрушілер саны: 647