Колледж түлектерінің 80 пайызы кешенді тесттен өте алмады

24 шілде 2012

Биылдан бастап кәсіптік білім алғандардың университетке бірден қабылдануына шектеу қойылған еді. Жаппай емтихан тапсырғандардың көбі сүрініп, тым төмен балл жинаған деп хабарлайды КТК арнасы.

Білімі жалғассыз қалған Алматы мен Қарағанды талапкерлері енді жеңілдік жасалуын талап етуде. Өзгесін айтпағанда, бір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы колледжді тәмамдаған 800-ге жуық кешенді тесттен құлағандар қатарында. 

Бірақ бұл тұста білімге жауаптылардың айтары қысқа. Заң барлығына да бірдей. Мейлі мектеп, мейлі колледж түлегі. Негізгі меже 70 жоғары балл жинауы тиіс.

Уәлихан Әбдібеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің проректоры:

- Біздің колледждің бітірушілері 70 балдан төмен алып, "оқуға түсе алмаймыз" деп жатқан айқай- шу әркімнің өзінің жеке басының шаруасы. Себебі дайындалу керек. Білімі жоғарларды қабылдаймыз. Білімі жоқ, төмендері дайындалуы керек. Биыл болмаса, келесі жылда түсіп қалар.

Қарағандыда да осындай жағдай. Мұндағы шу көтерген жастардың айтуынша, мемлекеттік емтихан тапсырамыз деп жүріп, тестке дайындығы аз болған. Салдарынан түлектердің 80 пайызы сүрінгендер тізімін толтырып отыр.

Талапкерлердің бірі, Айғаным Жағанованың айтуынша, өзі оқыған қазақ тобындағы 32 баланың 5-уі ғана сыннан мүдірмей өткен. Қалған 28-і бір жыл бойына не бітіреді деп налынады ол. Жыл басынан ескертпеген құзырлы орындарға наразы.

Емтиханнан құлағандар уақыттың қысқа болғанын айтып, биылша жеңілдіктің болғанын сұрап отыр. Бірақ қанша жерде талап қойылса да, оның ендігі орындалмасы хақ. Өйткені мамыр айынан бері колледж бітірушілеріне дайындық үшін 3 ай болса де мерзім берілген еді.

Источник:  news.nur.kz

Ілгері Көрушілер саны: 520