БИIКТЕ ЖҮРIП, биiкте мерт болды
Қазақтың көгiнен тағы бiр жұлдыз ағып түстi. РһD философия докторы, АҚШ- тың Техас штатындағы Райс университетiнiң профессоры, жас физик-ғалым Әдiлет Оңласынұлы Иманбеков 31 жасқа қараған шағында, Хан Тәңiрiнiң 5300 метр шыңында қапыда опат болды
Осы аз ғана ғұмырында ол көп нәрсеге қол жеткiздi. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi жанындағы А. Н. Колмогоров атындағы мамандандырылған оқу-ғылыми ордасын алтын медальмен тәмәмдады. Ресей командасының капитаны бола жүрiп, физикадан өткен халықаралық олимпиадада (Рейкъявик, 1998 ж.) алтын медальды жеңiп алды.
Сосын Мәскеу физика-техникалық институтының «қызыл» дипломы. Аспирантурада оқу үшiн оған АҚШ 6 жоғары оқу орнын ұсынды. Ол – Гарвардты таңдады. Бұл жоғары оқу орны оның бүкiл оқуын және шәкiртақысын өз мойнына алды.
Әдiлет Иманбеков – Гарвардта РһD философия докторлығын қорғаған тұңғыш қазақстандық. Жас ғалым Йель университетiнде жұмыс iстедi. Йель университетiнiң iргетасы 1701 жылы Коннектикут колониясында қаланып, бүгiнгi күнi АҚШ-тың колониялдық кезеңде қаланған университеттер тiзiмiне кiредi. 1861 жылы Йель университетiнiң магистранттарға арналған өнер және ғылым факультетi АҚШ-тағы алғаш PhD дәрежесiн тағайындайтын жоғары оқу орны болды. 1900 жылы Йель Америка Университеттер ассоциациясын құрды. 1930 жылдары Йель оқу жүйесiн өзгертiп, 12 факультетке бөлiндi. Йельде 1100 ұстаз студенттерге дәрiс бередi. Бакалавриатта оқитын студенттердiң саны – 5300, магистратура мен кәсiпқой студенттердiң саны – 6100. Йельдiң ең жоғары дәрежелi профессорлары бакалавриатта оқитын студенттердiң барлығына сабақ оқытады.
Йель университетiнiң эндаументi (endowment – ағылшын сөзi, бiлiм, медицина, мәдениет мекемелерiн коммерциялық емес бағытта қаржыландыратын қор) – 19.4 миллиард доллар. Бұл әлемдегi екiншi ең жоғары оқу эндаументi. Университеттiң жиырмадан астам кiтапханасы бар және бүкiл кiтап қорының саны – 12,5 миллион. Йельдiң 49 Нобель лауреаты бар, мұның iшiне студенттер, ұстаздар және басқа да университет қызметкерлерi кiредi. АҚШ-тың 5 президентi, Америка жоғарғы сотының 19 мүшесi және бiрнеше басқа мемлекет басшылары Йельден бiлiм алған.
Осыдан 4 жыл бұрын, 26 жасында жас ғалым КазИНФОРМ тiлшiсi Айгүл Тұрысбекованың сауалына берген жауабында, әлемдiк және Қазақстан ғылымына қатысты бiрқатар күрделi мәселелердi қозғапты. Соны оқырманға орыс тiлiнен ықшамдап аударып ұсынып отырмыз.
– Сенiң ғылыми мүддеңнiң өрiсi – теориялық физика. Гарвардта қандай тақырыпты зерттедiң? Қазiр немен айналысып жүрсiң?
– Мен теориялық физикамен, яғни затты сұйылту немесе қойылту физикасымен айналысамын. Бұл салаға Нобель сыйлығы тағайындалған. Флеш-карталар мен ұялы телефондардағы жадыларды анықтау және iске асыру, бұл – 20 жыл бұрынғы ғылыми жаңалық. Кәсiби мамандар мен жақсы база болса, берiк зерттелген еңбектер ешқашан жоғалмайды да, ескiрмейдi.
Мен Йель университетiнде бұрын басталған зерттеу жұмысымен айналыстым. Оны жаңа бағыт бойынша жүзеге асырып келемiн.
– Қазiргi уақытта ғылымда шоғырлану, қойыру ғылыми зерттеу институттарында ма, әлде жоғары оқу орындарында жүзеге асырыла ма? – деген даулы сұрақ бар. АҚШ тәжiрибесiне сүйенсек, ғылым университеттерде шоғырланатын көрiнедi. Бұл сұраққа сенiң көзқарасың қандай?
– АҚШ-та ғылыми жұмыспен айналысу жоғары оқу орындарында жүзеге асырылады. Америкада зерттеу орталықтары мен институттары жұмыс iстейдi. Олар бiр-бiрiмен бәсекелес. Дегенмен, жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеу институттардан ерекшелiктерi — мұнда жас ғалымдар легi үнемi толастамайды. Институтқа қалыптасқан мамандар келедi. Сол сияқты қаржыландыруда да ерекшелiктер бар. Ғылыми зерттеу институттарында ғылыми тақырыптар шектеулi. Әрбiр мамандыққа бейiмдеу есептеулi.
Ал, жоғары оқу орындарында жағдай мүлдем басқаша. Студент алдымен бакалаврды бiтiредi, сосын аспирантураға түседi. Жастар бұл тұрғыда көбiрек талпынуға, еңбектенуге тырысады. АҚШ-тың көптеген ғылыми жаңалықтары жетекшi жоғары оқу орындарында жүзеге асырылған. Сонымен қатар Америкада iргелi ғылымдарға қаржы мол бөлiнедi. Егер сен Нобель сыйлығының лауреаты болсаң да өзiңнiң ғылыми еңбегiңдi ғылыми журналда жариялауың керек. Ол жерде талқылаудан өтедi. Мiне, мұның бәрi ғылыми жұмыстың әрi сапалы, әрi нақты болуына әсерiн тигiзедi. Бәсекелесте жеңiп шықсаң, атағың да, даңқың да шығады.
– АҚШ-та ғалымдарды әлемнiң әр түкпiрiнен шақырады. Осы көп ұлтты ортада сенiң әрiптестерiң кiм? Сол ортада өзiңдi қалай сезiнесiң?
– Америкада ғалымдарды шақыру дәстүрге айналған. АҚШ – негiзiнен эмигранттар елi. Кәсiби адамдарды, бiлiмдi адамдарды бағалайтын мемлекет. Мұндағы ашылған ғылыми жаңалықтардың 50 пайызын жан-жақтан келген ғалымдар ашқан. АҚШ-та еңбегiңдi, бiлiмiңдi шыңдауға, жетiлдiруге жан-жақты мүмкiндiк туғызылған. Мұндағы жұмыс, негiзiнен, бәсекеге құрылған.
Айталық, Гарвард университетi менiң бiлiмiме 200 мың көлемiнде АҚШ долларын төледi. Бұл қаржы менiң оқуыма және ғылыми жұмыспен айналысуыма толық жеттi. Oзге елдерден бiлiм алған көптеген ғалымдар Америкаға тәжiрибе алу үшiн келiп жатады. Егер сен кәсiби маман немесе ғалым болсаң, Америкаға келiп бiлiмiңдi шыңда әрi сына. Бұл әлемде дәстүрге айналған.
– Ғалым ретiндегi жұмыс күнiң қалай басталып, қалай аяқталады?
– Менiң жұмысым, негiзiнен, теориялық. Үйде де, жоғары оқу орындарында да атқара беремiн. Әрине, әрiптес- терiммен бiрге болғанға және араласып-құраласып iстегенге не жетсiн. Сонда да үнемi университетте болу мiндет емес. Менiң жұмыс кестем барынша жұмсақ. Не нәрсенi ойласам, сонымен айналысқым келедi. Iске кiрiспес бұрын, оқимын, iзденемiн және әрiптестерiммен кеңесемiн. Басты қағидам – ғалымның тәуелсiздiгi. Көптеген нәрсенi жеке шешуге тырысамын. Ал, жұмысымның қортындысы ғылыми журналдарда жарияланып, тиiстi бағасын алып жатады. Беделдi журналдарға материал шығару, әрине, ғалымның табандылығын көрсетедi.
– АҚШ-та Қазақстанды қаншалықты танып-бiледi? Мұхиттың арғы жағынан қарағанда туған Отаның көзiңе қалай көрiнедi?
– Соңғы 13-14 жылда Қазақстанда тұрақты тұрып жатқаным жоқ. Бiрақ, байланысты үзген емеспiн, жиi келiп тұрамын. Қазiр бiздiң елiмiздi бұрынғы қай кездегiден де жақсы бiледi. Әрине, Қазақстанның қазiргi экономикалық жетiстiктерi барынша жемiстi өрiс алуда. Бiрақ, әлемдi таңқалдыратындай дәрежеде десем, жалған болар едi. Оның үстiне бiздiң елiмiзде бiлiмге деген құлшыныс бiршама өсiп отыр. Бұл тұрғыда Президенттiң «Болашақ» бағдарламасын айтар едiм. Менiң америкалық әрiптестерiм осы бағдарламаны құптап отыр. Мемлекеттiң жастар бiлiмiне мән берiп, оларды шет елдерде оқытып, бiлiмiн жетiлдiруге қаржылай көмек көрсетуi оларды таңқалдыруда. Бұл – көпжылдық бағдарлама. Жалғасын таба бергенi Қазақстан жастары үшiн де, жас мемлекет үшiн де өте тиiмдi дер едiм».
Әдiлет Иманбеков 2009 жылдан берi Райс университетiнде физика және астрономия профессоры қызметiн атқарып келдi. Ол мектеп қабырғасында жүрген кезiнен-ақ биiкке талпынуға, жоғарыдан көрiнуге, алға қойған мақсатына елден бұрын жетуге құштар болып өседi. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi жанынағы мамандандырылған ғылыми-оқу ордасының 11-сыныбында оқып жүргенiнде Ресей Федерациясы Президентiнiң сыйлығын иеленуi бұл сөзiмiздiң бiр ғана дәлелi. Небәрi отыз жасында ғылымның талай асуынан асып, талай алынбас асқарынан бой көрсеткен Әдiлет Иманбеков табиғаттың қия құздарына шығуды да ұнатты. Қолы қалт еткенде альпинизммен де айналысты. 2005 жылы ғана өз оқу орнының оқытушыларымен бiрге Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы Борболда шыңына шыққан едi.
Әдiлет үстiмiздегi жылдың 17-шiлдесiнде Хан тәңiрi шыңына өрмелеу кезiнде, 5300 метр биiктiкте қапияда мерт болды…
« Ей, халайық,
Бос сөзге сене берме,
Құламайды қырандар төбелерге!
Құласа да құлайды ол қияларға,
Дәрмен-демi таусылып тек өлерде…» – деп көзсiз ерлiк жасаған бiр азамат туралы кезiнде жырлаған едiк.
Ия, қыран төменге қонбайды, құламайды, қыран өзiн төменде сынамайды… «Қыран өлiмi қияда» деген осы!
Ол да биiкте жүрiп, биiкте мерт болды.
Источник: almaty-akshamy.kz




