Жалқаулықпен ашық күресу керек

24 шілде 2012

Бүгінгі қазақ жастары қандай? Барлығы бірдей еңбекті сүйе ме, әлде «алма піс, аузыма түстің» керін келтіре ме? Жалпы, қазақ жастарын жалқау деуге бола ма? Мамандар һәм сарапшылар аталмыш сауалдарға жауап іздеп көріпті.

Мамандар талдау жасай келе, бүгінгі қазақстандықтардың тым жас екенін айтады. Жалпықоғамдық мәселелерді талдау орталығының директоры Мер­уерт Махмутованың айтуынша, қазіргі заманның қазағы алдағы бес жылда өзін не күтіп тұрғанын білмейді. «Жеке қарастырар болсақ, жалпы жастар екіге бөлінеді. Бірі базарда арба айдап жүрсе, ендігісі Батыстың ірі жоғары оқу орын­дарында білім алады. Бүгінгі қазақ­стандық азамат алдағы бес жылда өзін не күтіп тұрғанын білмейді. Бұрын бәрі айдан анық еді. Жас буын мектеп біті­ретін, одан соң, университетте оқитын ары қарай жұмысқа орналасатын. Ал қазір бәрі бұлыңғыр» дейді Меруерт ханым. Шын мәнінде, бүгінгі жастар­дың арасында біркелкілік жоқ. Базарда арба айдап, күн көріп жүрген жастың оқу-тоқу, ілімге мойын бұрмасы анық. «Осы күнімнен жақсы күн бола қоймас» деп қол қусырып, алға талпынбайтын жастар жетіп-артылады. Бәлкім бұл, маман айтпақшы, жастардың алдағы болашақты болжай алмай, дал болуынан туындаған кемшілік пе екен?!

Өз кезегінде писхолог Алексей Куликовтың мәлімдеуінше, заманауи қазақстандық жастардың бойында еріншектік басым. Бірақ әрбір Қазақ­стан азаматының өзіндік мақсат-мүд­десі де бар екен. Ең қызығы, қазақ­стан­дықтар жаһандық мақсаттарды емес, ірілі-ұсақты жеке мақсаттарды алға қояды-мыс. «Бала үшін барлығын ата-ана шешеді. Ал бұл өз кезегінде адамның істі өз мойнына алып, жауапкершілікті сезіну еркінен айырады. Мұндай мінез еріншектікке соқтырады. Ал ата-анасына иек артқан адам есейіп, белгілі бір жұмысқа орналасқан кезде әбден қинала түседі. Дей тұрғанмен, қазақ­стандық азаматтар бәсекеге қабілетті. Өйткені жер кең болғанымен, компа­ниялар мен жұмыс орны аз. Нәпақа, мансап қуу, өзін-өзі көр­сету басым» дейді ол. Әйтсе де психо­лог­тың пайымдауынша, қазақстан­дықтар жалқаулықтың салдарын да көріп отыр.

Психолог Нұржан Нұрпейісов те әріптесінің пікірін қолдайды. Қазіргі таңда жастар арасында немқұрайдылық, жалқаулық басым. «Бүгінгі қазақ аза­маты «алма піс, аузыма түс» деп оты­ратын сияқты. Өйткені біз барлығын Үкіметке, елдегі билікке жауып, «аш бәледен, қаш бәле» деп отырамыз. Кез келген күрделі мәселе пайда болса, ел азаматтары бұған біз емес, билік кінәлі деп қол қусырып қарап отырады. Тіпті қарапайым нәрселерді білуге, тануға талпынбайды. Бұл қасиетіміз бізді алысқа жетелемесі анық. Қазақ ежелден еңбексүйгіш халық болған. Бойымызда талантымыз да, күшіміз де жетерлік. Сондықтан бір күнімізді емес, болашағымызды да ойлаған жөн болар» дейді ол.

Айтпақшы, жуырда ғана «Қарсы» жастар қозғалысы жалқаулықпен кү­ресті қолға алыпты. «Қазақтар төсекте жатып-ақ, ақша табуды армандайды. Біз қазір «Антижалқаулық» атты ком­панияны ұйымдастырудамыз. Осы­лай­ша біз төсекте жатпай, тұрып жұмыс істеу керек дегенді үндегіміз келеді» деген-ді «Қарсы» жастар қозғалысының басшысы Арман Нұрғазин. Бұл бастама жастардың бойындағы еріншектікті жояр ма екен, кім білсін?! 

Источник: www.aikyn.kz

Ілгері Көрушілер саны: 783