Латын қарпіне көшуге асықпауымыздың сыры неде?

24 шілде 2012

Соңғы уақытта Қазақстанда мемлекеттік тілін кириллицадан латын әліпбиіне көшіру туралы мәселе жан-жақты талқылануда. Шындығына келгенде, ел арасында латын әліпбиіне көшуді қолдайтындар да, қарсылық білдірушілер де табылуда. Егер өткенге көз жіберсек, қазақ халқының жазба өнері өзінің тарихында үш кезеңді (бастапқыда - араб жазуы, одан соң - латын әліпбиі, ақыр соңында - кириллица) басынан өткергені анық.

Десек те, «кириллицадан латын әліпбиіне көшу елімізге, оның ішінде, қоғамға не береді?» деген сұраққа келсек, ең алдымен, туған халқымыздың ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен бай тарихи мәдени мұраларын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Осынау маңызды іс-шараның маңызын терең таразылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ құрылтайында латын әліп-биіне көшкен түркі тілдес елдердің тәжірибесін жан-жақты зерттеуге тапсырма берген де болатын. Ал өткен жылдың желтоқсан айында Ақордада Түркияның президенті Абдулла Гүлді қабылдаған салтанатта Елбасы латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқтала келіп, «біздің еліміздің латын әліпбиіне көшуі оңай жұмыс емес, өйткені қазақ елі 70 жылдан астам уақыт кириллицаны қолданып келді. Сондықтан да бұл істе өте абай болған жөн. Бұған қоса, елімізде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Олай болса, біздің еліміз үшін тұрақтылық пен тыныштық аудай қажет. Демек, латынға көшуге дайындалуға уақыт қажет, асығудың қажеті жоқ» деп айтқан еді. Дегенмен біз ел тұрғындарын толғандырып отырған маңызды мәселе туралы зиялы қауым өкілдерінің пікірін білгенді жөн санадық.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы: 
- Менің пайымдауымша, ла­тын әліп­биіне көшуді асықпай жүзеге асырған жөн. Өйткені бұл оңай іс-шара емес, ал­дымен, оған жан-жақ­ты дайындық керек. Меніңше, бұл істі былай жүзеге асы­руға бо­лады. Мысалы, үс­ті­міздегі жылы қыр­күйек айында алғаш рет мек­­теп табал­дырығын аттап, бірінші сы­ныпқа бара­тын жеткіншектерге міндетті түрде латын әліпбиін үй­ретуді қолға алу керек. Сонда ара­да 10 - 11 жыл­дан соң әлгі жеткін­шек­тер латын әліпбиін терең меңге­ріп шы­ғатын болады. Ал егер біз жаппай табан астында латын әліпбиіне өтетін болсақ, онда ке­ңес өкіметі жыл­дарында ақын-жазушы­ла­рымыз­дың кири­лли­цамен жазған шығармала­ры бо­лашақ ұрпаққа түсініксіз бо­лып қалады ғой?!. Сон­дықтан да ке­йінгі толқын жас буындар­дың мектеп қабырғасын­да ки­рилли­цамен қоса, латын әліп­биін қа­тар оқитындай жағдай жа­сауы­­­мыз қажет. Өйткені еліміз латын ғар­піне көшкен кезде ки­рил­ли­цамен жазылған шығарма­ла­­рымыз да­лада қалмауы керек. Он-­сыз да халқымыз өзінің қа­лыптасу та­ри­хында үш рет әліпбиді ауыс­тырды. Осының сал­дарынан қазақ елінің біраз тарихы мен бірқатар маңыз­ды шығар­ма­лары ескерусіз қалып та кетті. Ал мұның мәде­ние­тіміз бен әде­бие­тіміздің да­муы­на орасан зор кесірін келтіргені белгілі.

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы: 
- Бұл мәселе біздің стратегия­лық зерттеулер институтында сан мәрте тал­қыланып, зиялы қауым өкілдері өз ой­ларын ортаға салған-ды. Бұл тұста менің айтарым, біздің қоғамның еш нәрседен қорықпас­тан латын әліпбиіне көшкені жөн. Бұл ең алдымен ұлттық саясаты­мызды анағұрлым ілгерілетуіміз үшін қажет. Бұл тұста түркі тілдес елдердің тәжіри­белеріне сүйене отырып, олардан ең қажеттісін ал­ғанымыз мақұл. Мысалы, Өзбек­стан, Түрiк­менстан, Әзірбайжан мем­лекет­­те­­рі ың-шыңсыз латын әліпбиі­не көш­ті. Олар ең алдымен, қарапайым ха­лықтың латын әліп­биін жан-жақ­ты меңгеруіне ба­рынша жағдай жаса­ды. Латын­ша­ға көшудің бір артық­шы­лығы, түбі бір Түркиямен және бас­қа да түркі тіл­дес елдермен тығыз қа­рым-қатынас жасауға жол ашы­лады. Өзбекстанның қажетті шара­ларды нақты жүзеге асыра алмауы сал­дарынан біраз қиындықтарға кез­дескені де ақиқат. Өйткені мұнда мемлекеттік ме­ке­мелер латын әліп­биіне ойдағыдай көшкенімен, қа­рапайым бұ­қара арасында елеулі кемшіліктер мен қиындықтар туын­дады. Демек, қа­жетті ұйымдастыру шараларын ойдағыдай жүзеге асы­рып алу ке­рек те, дереу әрі жап­пай латын әліпбиіне көшуіміз керек. Ал мұның өзі біздің ұлттық ақпарат­тық кеңіс­тігімізді, ұлттық интернет жү­йесін қалыптасты­руымызға ай­­қын жол ашып, шет­елдік ақпарат құ­ралда­рын біртіндеп ығыстырып шыға­руымызға мүм­кіндік берер еді. Әйтпесе, біздер әлі күнге кирил­ли­цаның кесірінен Ресейдің ақпа­раттық ықпалынан шыға алмай отыр­мыз. Ал латын әліпбиіне көшу ар­қылы мұндай келеңсіздіктерден оңай құтылуға бо­лады.

Мейрам МАЕМЕР, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің оқытушысы: 
- Егер біз еліміздің ертеңгі бола­ша­ғын, өркенді жастары­мыздың келеше­­­гін ой­лайтын болсақ, онда латын әліпбиі­не көшуді тездетуіміз қажет. Елбасы өзі­нің сөздерінде талай мәрте латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталып, жүзеге асы­­руды қолдайтындығын білдірген-ді. Сонда біздің шенеу­нік­теріміздің қол қусырып қарап отыр­ғанына не жорық?.. Әсілінде, латын әл­іпбиіне көшу бізге өзге елдердің, дәлірек айтқанда, араб және түркі тілдес мем­лекеттердің мұра­ғаттарында ғасырлар бойы сақталып жатқан асыл қазынала­рымызды аршып алып, қажетімізге жаратуға жол ашады. Демек, ұлттық әдебиетіміз бен мәдение­тіміз бай мұрамен то­лығады. Бұған қоса, әлемдік ин­тернет ағысына еркін қо­сылуы­мыз­ға мүмкіндік туады. Бұл - кейінгі толқын, болашағымыз - жастары­мыз үшін үлкен жетістік екені ай­дан анық.

Источник:  www.aikyn.kz

Ілгері Көрушілер саны: 645