«Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты»
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы Отанымыздың тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күресті. Бұл күндері Қазақстан төрткүл дүние мойындаған, өркениетті елдермен терезесі тең әрі керегесі кең дамушы елге айналды. Осының бәрі батыр ата-бабаларымыздың ерен еңбегінің арқасында жеткен үлкен жетістік.
Қазақ халқы Ресей бодандығында болған жылдардың өзінде ұлы далада 300-ден астам үлкен-кішілі көтерілістер болып өтті. Елім деген Сырым, Исатай мен Махамбет, Кенесары сияқты ерлер қазақ азаматттарын бастап ел жағдайы үшін отаршыға қарсы күреске шықты.
Осы көтерілістердің мән-мазмұны, нәтижесі еліміздің тарихы үшін өте маңызды болғандықтан Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының қауымдастығы оңтүстік астанада Алматы қаласының әкімшілігі, жоғары оқу орындарының ғалымдары, ұстаздары және студент қауымының қатысуымен «Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өткізді. Жалпы жиылысқа Қазақстан Республикасынан 15 Жоғары оқу орны қатысты. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Алматы технологиялық университеті, Еуразия нарық институты, Азаматтық авиация академиясы, сияқты тағы басқа Жоғары оқу орындарының белгілі профессорлары мен академиктері болды.
Осы конференцияда қазақ жерінде болған көтерілістерді, оның мақсаты мен нәтижесін зерттеп жүрген Х. Әбжанов, Ж. Артықбаев, Қ. Атабаев, М. Ж. Әбдіров, Б. Б. Кәрібаев, Е. Т.Калиева, Ф. К. Қайырханова, К. К. Әлібеков, Ж. Ә. Таңатаров, С. А. Ескалиева, Б. Ахметбеков, М. О. Абсеметов, Ж. Боранбай, А. Ә. Әбілов, Т. Омарбеков, Т. Ж. Медеуов, С. С. Иманбаева, С. Т. Орумбаев, С. Т. Әмірғазин, Қ. Ерімбетова, Ж. М. Асылбекова, Қ-М. Табеев сияқты ғалымдар сөз сөйлеп, өздерінің ойларын ортаға салды.
Конференцияда талқыланған мәселелердің желісі бойынша «Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» атты жинақ әзірленіп, басылып шықты. Аталмыш басылымда қазақ халқы тарихи баламаның екі жолын бастан кешкені туралы айтылады. ХV ғасырдың екінші жартысында дербес мемлекетін құрған бабаларымыз күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан елдің аумағын кеңейтті, шекарасын бекемдеді, аз халықтың көп болуына қол жеткізді. Үш ғасырға жуық күш-қуатын еселеумен дұшпанын басындырмаған олар ХVІІІ ғасыр басында кенеттен «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырап, Ш. Уәлиханов жазғандай, «осы сұмдық және қанқилы уақытта» амалсыздан Ресей бодандығын қабылдады. Ресей қол астына қазақ хандығының үш жүзінің толық кіруі үшін 100 жылдай уақыт кетті. Осы кезде орыс билігінің қазақ жерінде жүргізіп отырған саясатына қарсы бағытталған ірі көтерілістер көп болды. Себебі, Ресей үкіметінің әр түрлі әкімшілік-саяси шаралары қазақ көшпелі қоғамының дәстүрлі құрлымын бұзды. Ғасырлар бойы қалыптасқан рулық басқаруды әкімшілік-билік иерархиясымен ауыстыру толқулардың басты себебіне айналды.
Ресей империясы күннен-күнге қазақ даласында өз үстемдігін арттыра түсті. Ғасырлар бойы қалыптасқан хандық билік жойылып, шекаралық аймақтарда бекіністер салынды. Қазақ жерлерін күштеп тартып алу жалғаса түсті. Осының салдарынан үш жүздің бұқара халқы түгелге дерлік бас қосып бірігіп отар елге қарсы шықты. Бүкілхалықтық сипат алған Кенесары бастаған көтеріліс қазақ тарихында ерекше орын алады.
Тағы да үш ғасырға жуық уақыт өтті. Бірақ бұл отарланған, елден, жерден айырыла жаздаған, қисапсыз қасіретке толы жылдар еді. Патша заманын айтпағанда, кеңестік тоталитарлық тәртіп тұсындағы дүркін-дүркін аштық, үздіксіз қуғын-сүргін, басқа этностарды мыңдап, миллиондап қазақ даласына тоғыту, орыс тілінің өктемдігі– бәрі Ұлы даланың тағдырын тәлкекке ұшыратты, ұрпақтар арасындағы мәдени-рухани сабақтастық пен жалғастықты қожыратты. Қазақ халқының болашағы отарлаушының, коммунистік орталық биліктің қыл-көпірінде қылпылдағанын, арты жақсылыққа ұласпайтынын түсінген, Күлтегін жазуында айтылғандай, «игі, батыл кісілер» фанидің бес күндік жалған жылтырағына алданбай, тіпті жастығын, көрер қызығын тәрк етіп, ұлттық, саяси, экономикалық, әлеуметтік әділетсіздік пен қыспаққа қасқая қарсы шықты.
Қазақстанда орын алған ұлт-азаттық қозғалыстарының жалпыұлттық идеясы отарлық езгіден құтылуға, елдің елдігін, тұтастығын сақтауға сайды. 1929-31 жылдары қазақтардың күшпен тәркілеу және ұжымдастыру саясатына қарсы наразылық көтерілістерінің саны 372 дейін жетті. Ресми деректер бойынша көтеріліске қатысқандардың саны 80 мыңға жуық болған. Тек бір жылда ғана Қазақстанда 15-ке тарта ірі көтеріліс болып, оларға 34 мыңдай адам қатысқан. Тоталитарлық жүйеге қарсы болған осындай көтерілістер еліміздің барлық дерлік жерінде болып өтті. Себебі, өкімет тарапынан болған қысым –тәркілеу кезіндегі сорақылық, астық жинау барысындағы зорлық елдің жаппай көтеріліск шығуына алып келді. Қазақстанда ауыл еңбекшілерінің алғашқы ұйымдасқан көтерілістері 1929 жылы басталды. 1929 жылы 15 мың, ал 1930 жылы 16,3 мың адам қамауға алынды. Сол уақытта республиканың барлық ауданы Азамат соғыс қарсаңында тұрды. Орысшыл биліктің қазаққа жасаған ұлтшылдық қысымы, елді бір емес, бірнеше рет аштыққа ұшыратуы, шаруалар астығы мен малын тартып алуы, күшпен зорлықпен ұжымдастыру, жазықсыз қудалау, қамау, ату т.б көптеген зорлық-зомбылықтар көтерілістердің шығуына басты себеп болды.
Бостандық, азаттық үшін күрес 300 жылдай уақытқа жалғасты. Арасында үзілістер болып тұрғанымен қазақ халқының ой-санасы әрқашан еркіндік пен елдікті аңсап жүрді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының ұлттық езгіге қарсы үздіксіз күресінің заңды жалғасы болып табылады.
Желтоқсан ызғарына негіз болған басты себептердің бірі –1950-1992 жылдар аралығындағы Қазақстандағы кеңес мемлекетінің жүргізген көші-қон саясаты.
Азаттық үшін күрестің соңғы құрбаны Қайрат Рысқұлбековтің:
Абай туған жерінде,
Бомбасын атом жармасын.
Құлпытасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын, –
деген жыр-жолдары – болашақ ұрпаққа қалдырған аманаты әр қазаққа аян.
«Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» атты жинақ қазақ көтерілістерінің құбылысы мен жұмбағын, тағылымы мен қорытындыларын, қозғаушы күштері мен басшыларын ғылыми, теориялық-методологиялық тұрғыдан зерттейді. Жинаққа кірген мақала авторлары негізінен жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында еңбек етеді әрі осы мәселені көптен бері ой елегінен өткізіп жүрген мамандар. Мысалы, Х. Әбжанов –Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғалымдарының докторы, профессор; Ж. Артықбаев – тарих ғылымдарының докторы, профессор; Қ. Атабаев –Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы; Б. Б. Кәрібаев –Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы; Е. Т.Калиева –Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, әлем тарихы кафедрасының доценті; Ф. К. Қайырханова – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті, тарих ғылымдарының кандидаты т.б авторлар қатысты.
Жинақта XVIII-ХХ ғасырлардағы қазақ даласын дүбірлеткен көтерілістердің қайнар көзі, дәуірлері, қатысушылардың құрамы, көздеген мақсат-мұраты, бүгінгі азаттық идеясымен үндестігі дәйектелген. Бұрын-соңды беймәлім болып келген деректер мен құжаттар ғылыми айналымға түскенін айрықша атап өткен абзал. Айтылған ойлар, ортаға салған дерек пен дәйек ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюға қызмет етсе, тарихи сананы оң қалыптастыруға септігін тигізсе, оқу-тәрбие үдерістерінде қолданым тапса, ұлттық тарих ғылымының бүгінгі жаһандану мен бәсеке үдесінен шыққаны.
Тарихтың шындығы мен түбі шексіз-шетсіз. Уақыт өткен сайын әр ұрпақ өз жаңалығын әкеледі. Кей оқиғалар бәлен жылдардан кейін ғана айтылады. Сондықтан да бұл мәселе әлі де толық зерттеліп зерделенуі керек. Осыған орай Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанұлы арнайы энциклопедия шығаруды ұсынды.
Бұл жинақ Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығы шығарып отырған көп басылымның соңғысы емес. Алдағы жақын уақытта да тарих саласынан ғана емес басқа да тақырыптарда көптеген жинақ пен басылымдар жарық көрмек.
Ақлима Мұстафина
390-99-30, 8 775 564 29 64




