Ең үздік жаңашыл мектеп
Түркістандағы дарынды балалар мектебінің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Әрине, «Білім – инемен құдық қазғандай» дегенге сүйенсек, он жыл уақыт бір білім ордасының қалыптасып, өте мықты ұжым құрып, өңкей үздік шәкірттер тәрбиелеп, облысты былай қойғанда республикада ең үздік мектеп атану үшін өте аз мерзім екені анық. Әйтсе де сонау 2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» өкімін жүзеге асыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің шешімімен Түркістан аймақтық дарынды балалар үшін арнайы мектеп-интернаты болып құрылған осынау білім ордасы он жылда талай биікті, талай белесті бағындырды.
Бұл білім шаңырағы ҰБТ қорытындысы бойынша 2004 жылдан бері республикадағы ең үздік 100 мектептің қатарынан орын алып келеді. 2006 жылы ҰБТ қорытындысында мүмкін болған 120 ұпайдан орташа 105,68 ұпаймен еліміздің мектептері арасында республика жеңімпазы атанды. Сол жолы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі ерекше жетістіктері үшін бұл мектептің мұғалімдеріне еліміздің Білім және ғылым министрлігінің арнайы наградалары табыс етіліп, облыс әкімі мектепке су жаңа жеңіл көлік тарту еткен-ді. Сондай-ақ, 2009 жылы Білім және ғылым министрлігі Түркістан аймақтық дарынды балалар үшін арнайы мектеп-интернатына «Ең үздік жаңашыл мектеп» атағын бергенін мақтанышпен айта кетуге болады.
«Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойланбауы қажет» деген екен әйгілі әл-Фараби бабамыз. Осы бір сөз біз әңгіме етіп отырған мектеп-интернаттың директоры Қуанышбек Байшеновке арналып айтылғандай. Мамандығы математик Қуанышбек Әділмұратұлы тумысынан тынымсыз, жаңалыққа жаны құмар жан. Өз мамандығын құлай сүйгендіктен болар, таңертең мектепке барып, сабағын беріп, түс қайта ертерек қайтқанына қуанатын бір сыдырғы мұғалімдей емес, өз кәсібінің тереңіне сүңгіп, маржанын іздеп, бас-аяғы 20-дан астам әдістемелік кітапшалар жазған ғалым адам. Сол еңбекқор, турашыл, талапшыл қасиеттерінің арқасында жаңадан ашылған білім ошағының нәтижелі жұмыс істеп, мұғалімдердің оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беруін дұрыс жолға қоя білді. Өмірдің ағымына ілесе алатын, өзінің және елінің болашағы үшін адами жауапкершілік шешімдерді қабылдай алатын, бәсекеге қабілетті, сан қырлы, жүйрік ойлы тұлғаны қалыптастыруды басты мақсаттары тұтқан бұл мектепте оқушыларға білім беру негізінен жаратылыстану-математика бағытында жүреді. Мектеп-интернаттың екі қабатты 320 орындық оқу ғимараты, үш қабатты 150 орындық жатақханасы, 80 орындық асханасы бар, қысқасы балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі айтуға ғана оңай, әйтпесе, осынау дүниелерді жасаудың астарында қаншама еңбек, қаншама тер, күш жатыр десеңізші.
Биыл да бұл дарын мектебінің оқушылары ерледі. ҰБТ қорытындысы бойынша 14 алтын белгі, 4 үздік аттестатпен бұл мектеп облыста екінші орын алды. «Еліміз бойынша 135 дарын мектебі бар, – дейді мектеп-интернат директоры Қуанышбек Байшенов. – Оның 50-ден астамы қазақ-түрік лицейлері. Биыл мектебімізді 57 бала бітірді, 14 Алтын белгімен облыста екінші, республикада бесінші орын алдық. ҰБТ-дан орта есеппен 106,6 ұпай жинадық. Бұл ең алдымен, осы ұжымдағы ұстаздардың жемісті еңбегі. Біздің ізденімпаз ұстаздар ұжымы шәкірттерге сапалы білім беріп, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін барын салды».
Иә, «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады», деп Абай атамыз айтқандай, қазір білімдінің заманы. Ақыл мен ғылымның заманы. Ендеше бұл мектептен қанат қаққан жастардың болашағы жарқын, жүрер жолы даңғыл екені айдан анық.
egemen.kz




