Колледж түлектері қорықпағаны жөн!
Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында БАҚ өкілдерімен кездескен Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов осылай деп мәлімдеді.
Рахман Алшанұлының пікірінше, Ғылым және білім министрлігінен алынған статистикалық мәліметтер бойынша соңғы жылдары колледждерді бітірген 148,8 мың қыз-жігіттің 100 мыңнан астамы жоғары оқу орындарына еш қиындықсыз қабылданған көрінеді. Ал бұл өз кезегінде кейбір жасөспірімдердің колледжді жоғары оқу орнына еш қиындықсыз түсудің жолы ретінде таңдап келгендігін айқындай түсті. Мұның себебі, күні бүгінге дейін колледж бітушілер өзі қалаған кез келген жоғары оқу орнына әңгімелесу (собеседование) арқылы оқуға қабылданып, 2 немесе 3-курстан оқуын жалғастыруға мүмкіндік алып келген болатын. Ал Ғылым және білім министрлігінің соңғы шешіміне сәйкес бұдан былайғы жерде колледж түлектері мейлі қызыл диплом иегері болсын жоғары оқу орнына түсу үшін міндетті түрде Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысып, нақты білім деңгейін анықтайтын болды. Ғылым және білім министрлігінің дәл осы шешімі еліміздің колледж студенттері арасында едәуір дүрбелең туғызып, олар мұның дұрыс еместігін айтып, өз ойларын арнайы баспасөз мәслихаттарында ортаға салған-ды. Колледж студенттерін мазалаған осы мәселе бойынша кеше журналистермен кездескен Жоғары оқу орындары қауымдастығының басшысы Рахман Алшанов нақты жауап берді.
- Еліміздің білім және ғылым саласында бұрын соңды болып көрмеген іргелі жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасының қабылдануы осы игі істің бір көрінісі. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында ғылым және білім беру саласына қойылатын талаптар да анағұрлым күйшейтілді. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің үстіміздегі жылдан бастап жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген колледж бітірушілердің міндетті түрде бірыңғай ұлттық тест тапсыруы жөніндегі шешімі де білім берудің сапасын жақсарту мақсатынан туындаған іс-шара. Оның үстіне жұмыс беруші компаниялар өздеріне жұмысқа келетін жоғары білімді жас мамандардың мамандығы бойынша білімінің талапқа сай болуын талап етуде. Әрине, біз колледж студенттерінің қобалжуын түсінеміз. Бұл орайда мен мынаны айтқым келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда елімізде мектеп бітірушілер арасында Алтын белгі иегерлерінің саны әдеттегіден де арта түсті. Ал сол Алтын белгі иегерлерінің арасында жоғары оқу орнына қабылдау тесті кезінде қажетті балды жинай алмағандар да көптеп кездесті. Мұны қалай түсінуге болады? Әрине, бұл көзбояушылықтың әсері екендігі даусыз. Олай болса, колледж бітірушілер Ұлттық бірыңғай тест тапсырудан қорықпауы керек. Өйткені білімді жас өзінің білім деңгейінің жоғары екендігін әр уақытта да дәлелдей алады. Бұл - дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат, - деп Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов өз ойын ортаға салды.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ




