Писсаридес дәріс оқыды

23 мамыр 2012

Ұлыбританиялық экономист-ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Кристофер Антониу Писсаридес Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінде болып, осындағы ғалым-оқытушылармен, студенттермен кездесті. Кездесу барысында британдық ғалым қазақстандық профессор-оқытушылар мен студенттер үшін «Құбылмалы әлемде еңбек ету» деген тақырыпта дәріс оқыды.

Мәртебелі мейманмен кездесуді Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жексенбек Әділов мырза ашып, университет қонағының экономика саласы бойынша әлемдік деңгейдегі айтулы ғалым екендігімен, сондай-ақ Писсаридес мырзаның 2010 жылы макроэкономикадағы зерттеулері үшін Нобель сыйлығына ие болғандығын қысқаша айтып өтті.

- Астанада халықаралық V эко¬номикалық форум басталды. Шетелдерден арнайы келген сан мыңдаған ғалым-экономистер осы басқосу барысында әлемдік экономиканы дамытудағы жетістіктермен қатар жүзеге асырылуы тиісті іс-шаралар төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісіп, қазақ ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасаудың сан алуан жолдарын ұсынатыны анық. Мен бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Себебі экономика мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың ортаға салар ойлары жеткілікті. Адамның еңбек етуі туралы әңгіме қозғағанда жұмыссыздық проблемасының көлденең шығатыны ақиқат. Жалпы, жұмыссыздық проблемасы бір елдің ғана емес, дүниежүзінің озық қарқынмен дамыған елдерінде де басты проблемаға айналып отыр. Жалпы, жұмыссыздық проблемасын шешу, жұмысшылардың еңбек құқын қорғау мәселесінде кәсіподақтарға көп нәрсе байланысты. Өмірдің өзі байқатып отырғанындай, қазіргі күні көптеген елдерде қарапайым тұрғындар жұмыссыздық мәселесін шешуде кәсіподақтардың көмегіне жүгінуде. Демек, қазақ елінің жергілікті жерлердегі басқарушы органдары да жергілікті кәсіподақтармен қоян-қолтық жұмыс істеу жағдайында жұмыссыздық мәселесін шешудің тиімді жолдарына қол жеткізуіне болады. Жұмыссыздық мәселесінде мамандарды қайта даярлаудың маңызы айрықша. Себебі кез келген жұмыссыз азаматты бүгінгі өмірге қажетті кәсіби-техникалық болмаса басқа да мамандықтарға оқытып, олардан білікті мамандар дайындауға болады. Бұл, әрине, оңайлықпен келмейді, бірақ әрбір азамат өзінің қолынан келетін мамандыққа қарай бейімделуіне болады, - деді британдық ғалым, Нобель сыйлығының лауреты Кристофер Писсаридес. Сондай-ақ ол қазақстандық ғалымдар мен студенттерге арналған арнайы сабағында жаһандық экономикада орын алып жатқан сан алуан оқиғалармен қатар, еңбек нарығындағы штатты қысқарту, т.б. шаралар жөніндегі ой-пікірін ортаға салды. Сабақтың соңында университет оқытушылары мен студенттері өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, тұщымды жауап алды. Ал Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Әділов мырза мәртебелі мейманға салиқалы сабағы үшін үлкен рақмет айтып, университет ғылыми кеңесінің шешімі бойынша Кристофер Антониу Писсаридеске «ҚазҰТУ-дың құрметті профессоры» атағының берілгені туралы бұйрықты оқып, оған арнайы диплом тапсырып, иығына жапан шапты.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
 

Ілгері Көрушілер саны: 558