Ақ жол тіледі

23 мамыр 2012

Оқу жылының аяқталуына бірер күн қалды. Соңғы қоңыраудың сыңғырлаған үнімен мектеп бітіруші түлектер ересек өмірге қадам басады. Биыл 161 мың 188 оқушы мектеп бітіреді. Алдағы сын Ұлттық бірыңғай тестілеу барлық түлектің бас ауыртар басты мәселесіне айналды. Осы ретте «Edtech-kz» халықаралық білім орталығы түлектерге алдағы сынның сәтті өтуін тілеп, мерекелік кеш ұйымдастырды.

«Edtech-kz» халықаралық білім орталығы - мектеп бітіруші түлектерді ҰБТ-ға дайындайтын бірден-бір мекеме. Орталықтан білім алып, қанат қағып ұшқан жас түлектердің 90 пайызы ұлттық бірыңғай тестен мүдірмей өтсе, 50 пайызы мемлекеттік гранттың иегері атанды. Биылғы жылы алматылық 80 оқу ордасының оқушылары білім орталығына келіп, дайындық курстарынан өтті. «Edtech-kz» халықаралық білім орталығы - университеттегі білімнің алғашқы баспалдағына айналып үлгерді. Тіпті білім орталығының ішінен отансүйгіш жас түлектердің «Тарлан» атты клубы құрылды.
Жылдағы дәстүр бойынша, оқушылардың екінші мектебіне айналған «Edtech-kz» халықаралық білім орталығы мектеп бітіруші түлектеріне ақ жол тілеп, өмір ат­ты теңіздегі сапарына сәттілік ті­леді. Аталмыш шараның мақсаты - сындарлы сынның алдында оқу­шыларды демеп, қолдау көрсету
һәм ақ батамен ақ жол тілеу. Алма­тыдағы Оқушылар сарайында тү­лектер мен ата-аналардың басын біріктірген мерекелік кешке 800-ден астам адам қатысты. Мерекелік ша­раға Алматы қалалық білім бас­қар­масының бастығы Рахат Шима­шева арнайы келіп, ақ батасын берді.
«Бүгінгі кештің маңыздылығы ерекше. Себебі біз балаларымызды өміріндегі ең қуанышты сәт - мектеп бітіруімен құттықтап отырмыз. Биыл «Edtech-kz» халықаралық білім орталығында оңтүстік астанамыздың 80 мектебінің оқушылары арнайы дайындақтан өтіп, білімін шыңдай түсті. Бүгінгі шараға 80 «Алтын бел­гі» иегері, өзге оқушылар, ата-ана­лар, жоғары оқу орындарының ректор­лары қатысып отыр» дейді орталық директоры Ғани Бектайұлы.
Мерекелік шара барысында ор­талық оқушыларына грант бөлі­ніп, арнайы жеңілдіктер беріл­ді. «Халықаралық бизнес академия­сына екі грант, Сүлеймен Демирел атындағы университетке, Қазақ-Американ университетіне, халық­аралық ІТ университетіне бір грант бөлінсе, Халықаралық бизнес ака­демиясы орталықты бітірген барлық оқушыларға он пайыз жеңілдік беріп отыр» дейді орталық директоры.

Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ 

Ілгері Көрушілер саны: 850