Білім министрі Б.Жұмағұлов еуропалық әріптестерімен білім беру жүйесін дамыту мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Болон процесінен тыс: жоғары білімнің ұлттық өңірлік және жаһандық кеңістіктерін құру және оларды біріктіру» деген тақырыпқа арналған Болон саясаты форумына қатысты.
Форум аясында ҚР Білім және ғылым министрі Германияның Білім және зерттеулер министрлігінің басшылығымен кездесті. Әңгіме барысында тараптар Астанада Болон процесінің бюросын ашу мәселесін талқылады. Естеріңізге сала кетейік, Б.Жұмағұлов кеше өткен Еуропалық жоғары білім кеңістігі министрлерінің конференциясында осындай ұсыныс жасаған болатын.
Кездесуде талқыланған тағы бір маңызды мәселе - академиялық ұтқырлық бағдарламасының аясында ҚР мен ГФР арасында студенттер алмасудағы ынтымақтастық мәселесі болды. Германиядағы білім сапасының жоғары деңгейін ескере отырып, Қазақстан министрі неміс тарабын осынау жобаға белсенді атсалысуға шақырды.
Б.Жұмағұлов бүгін сондай-ақ Швейцарияның Білім және зерттеулер министрлігінің басшылығымен кездесті. Кездесуде тараптар екі елдің білім беру жүйесіндегі ағымдағы жағдай туралы пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ниет білдірді.
Қазақстанның білім министрі сондай-ақ Еуроодақтың білім, мәдениет, көптілдік, жастар және спорт мәселелері жөніндегі комиссары Андрулла Василиумен кездесті.




