Қазақстанда ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталды
Республикамызда Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініш қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр, деп хабарлады Pm.kz сайтына ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
«Оқушылардың ҰБТ-ға қатысуы үшін өтініш қабылдау науқаны 2012 жылдың 10 наурызынан басталған және осы жылдың 25 сәуіріне дейін жалғасады», - деп хабарланған ақпаратта.
Қазіргі таңда Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға қатысқысы келетін мектеп түлектерінен өтініш қабылдауды ұйымдастыру үшін жүйелі жұмыстарды атқаруда. Ұлттық тестілеу орталығының барлық филиалдарында ҰБТ-ны өткізу және өтініш қабылдау мәселесі бойынша азаматтармен жұмыстар жүргізілуде.
Білім сапасын тәуелсіз сырттай бағалау білім беру жүйесін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін құралдардың бірі. Қазақстанда оқушылардың білім деңгейін бағалау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілсе, биылдан бастап оқушылардың білім деңгейін сырттай бағалау үлгісі қолға алынуда.
pm.kz




