• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Ұлы ұстаздан жеткен марапат

Қазақстанның Жоғары оқу орындары Қауымдастығы біраз жылдардан бері еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін елеулі тұлғалар мен ұйымдарды Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен марапаттап келеді.

Биылдан бастап бұл марапат санатына «А.Байтұрсынов атындағы орден» қосылып отыр. Қауымдастықтың мұндайц игі бастамаларына еліміздің Білім және ғылым министрлігі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Осы жылдың маусым айында Алматыдағы «Ғылым ордасында» өткен министрліктердің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Ахмет Байтұрсынов атындағы орденнің тұңғыш иегері атанды.

Бұл марапатқа министр білім-ғылым саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып, оқу орындарын мемлекеттік тілді базалық оқулықтармен қамтамасыз етуді күн тәртібіне қойып, күрмеуі қиын мәселелердің ойдағыдай шешілуіне мүмкіндіктер жасағаны үшін лайық деп танылған болатын.
Білікті ғалымдардың құралған арнайы комиссияның шешіміне сәйкес Жоғары оқу орындары Қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың өзі табыс ететін марапаттар бұдан соң да өз иелерін тапты. Биылғы оқу жылының алғашқы күндері Құрманғазы консерваториясының ректоры, әйгілі музыка шебері Жәния Әубәкіроваға Ахмет Байтұрсынов атындағы Алтын медаль табыс етілді. Сондай-ақ Іскер басшы, өнер саңлағы басқаратын Құрманғазы атындаға қазақ ұлттық консерваториясы А.Байтұрсынов орденімен марапатталды. Бұған қоса өнер зерттеушісі Таңатар Қоңырұлы өнер саласына жоғары дәрежелі мамандарды дайындаудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін А.Байтұрсынов атындағы Күміс медалді омырауына тақты. Бұл марапаттарды Қауымдастық президенті Рахман Алшанов ұлттық консерваторияның Үлкен залында оқу жылының басталуыан орай ұйымдастырылған салтанатты кеште табыс етті.

Бұдан кейін марапаттау шаралары 3 қыркүйек күні еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық университетінде жалғасын тапты. Білім қарашаңырағында өткен үлкен ректорат мәжілісі барысында профессор Рахман Алшанов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынов орденімен марапатталғанын жария етті. Өз кезегінде университет ректоры Ғалым Мұтанов бұл марапаттың ұлттық университет үшін орны ерекше болатындығын атап өтті. Сонымен қатар жоғары білім жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі және жоғары оқу орындарына оқулықтар жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбектері үшін университет ғалымдары, профессор Өмірхан Әбдиманов А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен және доцент Бірлікбай Есжанов А.Байтұрсынов атындағы күіміс медальмен марапатталды.

Білімділер мен біліктілерді ынталандыруға бағытталған осынау игі бастамалар ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың 140 жылдығына орайластырылып отыр. Жоғары оқу орындары Қауымдастығы еліміздің білім-ғылым саласына серпін беретін мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтып отыр.

***

ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығы тағайындаған Ахмет Байтұрсынов атындағы орден және медальмен негізінен еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі жаңа буын мамандарын даярлаудағы жаңашыл идеялары мен инновациялық ұстанымдары үшін тұлғалар мен ұйымдар марапатталады. Марапаттауға жоғары оқу орындары, жоғары оқу орындарының ректорлары, жоғары оқу орындарының ғылыми кеңесі ұсына алады. Бұл туралы шешім ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығы Басқармасының отырысында қаралып лайықтылар арнайы шешіммен жылына бір рет марапатталады.

Алмат ИСӘДІЛ

«Алаш айнасы», 5 қыркүйек, 2012 ж.

Ілгері