• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

ХАТТАМА

«Қазақ көтерілістері: ақтаңдақтардан ақиқатқа»

атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы

Қатысушылар: Алматы қалалық әкімшілігі, «Нұр-Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығы, белгілі тарихшылар, қаламгерлер, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттері, Желтоқсан ұйымдарының өкілдері, мектеп пен колледж ұстаздары, жас ізденушілер және БАҚ өкілдері.

Шақырылғандар – 320

Барлық қатысушылар - 320

Өткен жері: Алматы қаласы, Сәтпаев көшесі 16-18, 18 а, «Тұран» университетінің мәжіліс залы

КҮН ТӘРТІБІ

  1. Қазақ ұлт-азаттық көтерілістерінің ұлт тарихында алатын орны мен маңызы қандай?
  1. Қазақ даласында орын алған 300-ден астам көтерілісті зерттеп, энциклопедиялық жинақ етіп басып шығару қажеттілігі;
  1. Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ашып, белгісіз болып келген көтерілістерді зерттеуге тарихшы мамандарды жұмылдыру;
  1. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы туралы айтылмай келген шындық;
  1. Ұрпақтың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу үшін аталмыш конференцияның алатын орны;
  1. Еркіндік үшін ежелгі қазақ даласында орын алған шайқастар мен қозғалыстардың тарихи бағасы;
  1. Алаш зиялылар қауымның ұлт-азаттық көтерілістерде атқарған рөлі.

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығы жыл сайын дәстүрлі түрде Тәуелсіздік мерекесіне орай қазақ ұлт-азаттық көтерілістер жайында конференция өткізіп келеді. Ал, осы жылы ұйымдастырылған конференцияны «Қазақ көтерілістері: ақтаңдақтардан ақиқатқа»  деп атадық.  Себебі, осы уақытқа дейін кейбір көтерілістер халыққа жеткенмен, көбі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Осыған орай, белгісіз ұлт-азаттық көтерілістердің тарихына үңілу үшін аталмыш конференция ұйымдастырылды.

Ғылыми-тәжірбиелік жиынға еліміздің белгілі зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастары қатыcқан еді. Конференцияның барысында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері өз өнерлерін көрсетіп, музыкалық тарту жасады. Сонымен қатар, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда тарихқа қатысты басылымдар қойылып, көрермендердің көз айымына айналды. Конференцияның соңында қонақтарға арналып арнайы фуршет ұйымдастырылып, сыйға кітаптар таратылды.

  1. Рахман Алшанұлы – Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті, конференция модераторы:

«Жыл сайын ұйымдастырылатын қазақ ұлт азаттық көтерілістеріне арналған конференцияның мән-маңызы өте жоғары болып саналады. Неге десеңіздер, жастарымыздың бойында патриоттық сезім мен намысты тәрбиелеуде мұндай жиындардың алатын орны зор. Кешегі күннен бүгінгі таңға дейін белгісіз болып келген ұлт-азаттық көтерілістер зерттеліп келе жатыр. «Қазақ көтерілістері: ақтаңдақтардан ақиқатқа» атты ғылыми-тәжірибелік конференция осы мақсатта ұйымадастырылып отыр.

Конференцияда құттықтау сөздерін Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы – Әуезов Ерболат Құдұриұлы  мен «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары – Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы сөйледі.

Бірінші болып сөз алған Алматы қаласы Ішкі істер саясат басқармасының басшысы Әуезов Е. Қ. Алматы қаласы әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовтың атынан баршаны еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, соңғы уақытта елімізде тарихты зерттеу мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, жанжақты қолдау көрсетіліп келе жатқандығын атады. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап кеңес дәуірінде Қазақстан тарихына қатысты бұрмаланған тарихи фактілер қайта сарапталып, әділ бағасын алып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, биыл еліміздің Тәуелсіздігімізге 22 жыл және 1986 жылы орын алған Желтоқсан оқиғасына 27 жыл толып отыр. Осыған орай, егіз ұғым болған Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасын абыроймен өткізу үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін айтты. Аталмыш конференция жастардың өткен тарихты білулеріне зор септігін тигізеді. Сонымен қатар, келешек ұрпақ үлкен рух пен патриоттық сезімге тәрбиеленіп өсетіндігін айтты.

Келесі сөз кезегін алған «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары – Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы қазақ тарихында 300-ден аса ұлт-азаттық көтерілістердің орын алғанын айтып өтті. Мұның бәрі еліміз үшін маңызы жоғары оқиғалар болып саналатындығын жеткізді. Әр кезде республикамыздың әр тұсында орын алған ұлт-азаттық көтерілістер мәңгі халық санасында болып, өз бағасын алғандығын атады.

Кіріспе құттықтау сөздерден кейін конференцияға шақырылған  төмендегі баяндамашылар баяндама оқыды. Оның ішінде елімізге тарихи еңбектерімен белгілі профессорлар мен желтоқсан ұйымының жетекшісі болды. Олар:  Мәшімбаев Серік Мектепұлы, Галиев  Виль Зайнуллович, Смағұлова Светлана Одепқызы, Қуанбаев Нұрлыбек Шәмшәтұлы, Нәсенов Болатбек.

Конференцияда баяндама оқығандардың кейбіреулерінен үзінді:

  1. Мәшімбаев Серік Мектепұлы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

«Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына жаңа көзқарастар»

Серік Мәшімбаев өз баяндамасында қазақ халқы ғасырлар бойы бостандықты, елдің тұтастығымен жер үшін талай қиындықтарды бастан өткізгенін айтып өтеді. Оның ішінде Ресей империясының езгісіне Сырым Датұлы бастаған алғашқы көтерілістердің біріне тоқталды. Серік Мектепұлы Сырым Датұлы туралы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, айбынды батыр, мемлекеттік ауқымдағы ұлы тұлға, сонымен қатар ол қазақ демократиясының негізінен қалаушы тұлға екендігіне тереңнен тоқталады. Сонымен қатар, Сырым батыр бастаған көтерілістің кезеңдеріне кеңінен тоқталып өтеді.

  1. Галиев  Виль Зайнуллович – Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институтының басты ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының  докторы

«XVIII ғасырдағы Қазақ-жоңғар қарым-қатынастарның мәселесі (тәуелсіздік үшін күрес)»

Тарих ғылымдарының  докторы Виль Зайнуллович Орта және жаңа ғасырдағы кезең зерттеушілер үшін ғылым жағынан көптеген маңызды сұрақтар тудырып отырғандығынан бастады.  Өйткені, бұл жерде қазақ елінің дамуы мен қалыптасуы, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі және ұлт-азаттық көтерілістердің ерекшеліктері баяндалады. Жалпы, Виль Зайнуллович өз баяндамасында қазақ тарихындағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастары мен XVII ғасырдың бірінші жартысы мен XVIII ғасырдағы қазақтардың жоңғарларға қарсылығы туралы тоқталып өтеді. Сонымен қатар, соңғы жиырма жылдың ішінде XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғарларға қарсы күресте қазақтан шыққан батырларға үлкен назар аударылып келе жатқандығын айтты.

  1. Смағұлова Светлана Одепқызы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының  докторы 

«1916 жылғы көтеріліс және Алаш  зиялылары»

Тарих ғылымдарының  докторы Светлана Одепқызы қазақ терроториясында өткен сақ дәуірінен бастап қазіргі күнге дейін уақыт аралығында еліміз бен жеріміз үшін өте көп көтерілістер болғандығын тілге тиек етті. Дегенмен, мұның кейбіреуі зерттеліп халыққа жетсе, көбі өз орнын тарихта таба алмай жатыр деді. XX ғасырдың 20-30 жылдардағы  өткен 372 көтерілістің кейбіреуі ғана ашылған, әрине оның өзіндік себептері бар. Кейбіреулері әлі күнге дейін құжаттық деректер құпиялығын сақтауды. Алдағы уақытта мұның бәрі тарихымызда жазылып өз бағасын алады деген ойдамыз деп атап өтті. Светлана Одепқызы өз баяндамасында 1916 жылғы көтеріліс және Алаш зиялыларына байланысты болып өткен тарихи кезеңге тоқталды. 1916 жылда орын алған көтеріліс Қазақстанның барлық терроториясын шарпып еліміздің саяси және рухани өмірінде өшпестей із қалдырғанын айтты. Сөз соңында жастарға тәрбиелік мәні зор осындай конференция өткізіп отырған Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығына өз алғысын білдірді.

  1. Қуанбаев Нұрлыбек Шәмшәтұлы – «Желтоқсан халықтық қозғалысы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы

«Желтоқсан көтерілісінің тарихта алатын орны»

1986 жылы қазақ халқының жастары алаңға шығып Тәуелсіздік үшін күрескен ерліктері мәңгі халық санасында сақталып келе жатқандығын конфеенция қатысушыларына «Желтоқсан халықтық қозғалысы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуанбаев Нұрлыбек Шәмшәтұлы тағы бір мәрте еске салды. Сол кезде көптеген қазақтың батыр ұл-қыздары азаттық үшін жандарын аямай үлкен ерлікпен күресті. Оның ішінде Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат есімді батыр ұл-қыздарымыз болды. Қазіргі таңда уақыт өткен сайын желтоқсаншылардың жасаған ерліктері халық жадында тұрақты орын алып сақталып келе жатыр. 1986 жылғы көтеріліс Тәуелсіздік үшін болған соңғы көтеріліс еді. Және бұл көтеріліс сол кезде кеңес үкіметіне қарсы әкімшілдік-әміршілдік жүйеге қарсы болған қарсылық болды. 62 мыңдай жастар алаңға шығып өз наразылықтарын білдірді. Толқуды басуға ішкі күштің әлі жетпегендіктен сырттан адамдар шақырылған. Міне, желтоқсаншылар туралы көп деректермен Қуанбаев Нұрлыбек Шәмшәтұлы жиналған қауыммен бөлісті.

  1. Нәсенов Болатбек - Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы

«1921-1931 жылдар арасындағы көтерілістер туралы шындық»

«Менің 1921-1931 жылдардағы көтерілісті жеке бөлген себебім мынада. Халық арасындағы толқулардың барлығын бірдей көтеріліс деп айтуға бола ма? – деген сұрақты көтергім келеді. Кеңес өкіметі қазақ жеріне орнағаннан бергі қанша көтерілістер болды деген сұраққа жауап бере алмаймыз. Кеңес өкіметіне қызылдар мен ақтарға қарсылық жасаушыларды көтерілісшілер дей аламыз ба? Алаш ордашылар ақтармен бірлесіп талай елді жерді басып алды. Оларға қарсылық жасағанда большевиктер ғана емес қара халықта бірге қарсыласты. Мұны көтеріліске жатқызамыз ба?

Менің жорамалдауымша  көптеген архивтердегі деректерге сүйенсек Кеңес өкіметі алғашқы рет орнаған 1920-1923 жылдардың арасында қазақ жерінде 14 губерния, 43 уезд, 1187 болыс болыпты.

Осы 3-4 жылда қазақ халқы екі қайғылы жағдайды басынан өткізді.

Әр ауылды бірде қызылдар, енді бірде ақтар басып алып халықты қырғынға ұшыратты. Ақтарды жақтадың деп халықты қызылдар жазаласа, қызылдарды жақтадың деп халықты ақтар қырып тастаған фактілер көптеп кездеседі. Жасыратыны жоқ халық қызылдарды жақтады. Ал қызылдардың саясатынан қазақ халқы екі түрлі зардап шекті.

Біріншісі. Әр елдің азық-түліктерін жинап Ресейдің аштан қырылауға таяу қалалаларына, әрі кеңес әскерін тамақтандыруға жіберді.  

Екіншісі. Большивектер кедейлерді байларға қарсы айдап салып мал-мүліктерін 1920-1921 жылдары талан-таражға түсірді. Ол 1928 жылғы кәмпескелемеуге дейін жүргізілді. Халық байлардың малын тартып алып бір жылда олардың көзін жойды».

Конференция соңында қосымша сөз сөйлеуге сұранған қатысушылар болды. Оның ішінде «Республикалық желтоқсан - 86 -тәуелсіздік қырандары - халық қаһармандары» қозғалысының төрайымы – Гүлбаһрам Жүніс сөз алды. Ол кісі өз сөзінде алдымен осындай келелі жиылыс өткізіп отырғандар ұйымдастырушыдарға өз алғысын айтып өтті. Бүгінгі тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасы өз саяси бағасын алып отыр деді.  Желтоқсан оқиғасын салыстыратын болсақ 1786 жыл мен 1986 жылғы жалғаспен байланыстырған жөн екендігін айтты. Және де, бүгінгі таңда көптеген жерлерде Желтоқсан оқиғасы әлі өз саяси бағасын алған жоқ деп айтылып жүр деген пікірмен мүлдем келіспейтіндігін жеткізді. Неге десеңіз, 1991 жылы тәуелсіздік алысымен 1986 жылы көтеріліске қатысқан ұл-қыздарымыз уақыт өте келе саяси ақталып алынды. Сонымен қатар, 1993 жылы саяси қуғын сүргін құрбандарына арнайы заң қабылданды. Ал, ең бастысы 1996 жылы Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығы мемлекет көлемінде республикамыздың барлық жерінде аталып өткендігін айтты. Және де осы жылы Қайрат Рысқұлбековке халық қаһарманы атағы берілгені үлкен қуаныш болды деді.  Міне, осының барлығы еліміз үшін зор жетістік болып саналтыдығын білдірді.

Шешім: «Қазақ көтерілістері: ақтаңдақтардан ақиқатқа» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясының қорытындысы бойынша 2013 жылдың қаңтар айының 25-не дейін 300-ден астам көтерілістердің материалдары жиналатын болды. Және осының негізінде қазақ ұлт-азаттық көтерілістерге арналған энциклопедиялық жинақ жарық көретін болып шешілді. Сонымен қатар, тарихымыздың белгісіз ақтаңдақ тұстары қолға алынып зерттелетін болды.

Ұсыныс:

Конференцияда көтерілген тақырыпқа орай Жоғары оқу орындарының, ғылыми институттар мен зерттеу орталықтарының тарихшы ғалымдар мен жас ізденушілері, сонымен қатар жекелеген зерттеушілер мен авторлар тарапынан ғылыми тұрғыда дәйектелген, тың материалдар мен сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттерді алдағы уақытта жарық көретін Қазақ көтерілістері тарихын қамтитын жаңа энциклопедиясының редакция алқасына жолдаулары тиіс. Барлық материалдар электронды нұсқасымен қабылданады.

Осы орайда Сіздің алдағы 2014 жылдың 25 қаңтарына дейін редакция алқасын ұлт-азаттық көтерілістер тарихына байланысты зерттеу материалдарымен қамтамасыз етуіңізді сұраймыз.

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығы

Біздің байланыс телефон:

262-14-28, 262-14-42, 262-14-36 (117)

Ақлима Мустафина

Мекен жайымыз: Алматы қаласы, Сәтпаев көшесі 16-18, 18 а

e-mail: ak_lima_90@mail.ru және kazenc@mail.ru