• Заседание правления 24.01.2014

  • Южно-Казахстанский университет
    имени Ауэзова

Жаhандану заманында Қазақстан үшін жалғыз жол - ашық экономика саясатын ұстану - Рахман Алшанов, «Тұран» университетінің ректоры

9 сәуір 2014

Елбасының Еуразиялық интеграция идеясын жариялағанына 20 жылдан асты. Сол жылдар ішінде Кедендік одақ, Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылды. Енді міне, жақында Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылмақ. Осы орайда қоғамда Қазақстанның егемендігіне қатысты алаңдаушылық пікірлер айтылып жатыр. Енді осы мәселені жан-жақты талқылап, оған нүкте қою үшін бүгін Алматыда «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановтың төрағалығымен «Еуразиялық интеграцияның өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Осыған байланысты, ҚазАқпарат тілшісі Рахман Алшановты әңгімеге тартқан еді.

- Рахман Алшанұлы, бүгінгі «Дөңгелек үстелде» қандай негізгі мәселелер көтерілді?

- Еуразиялық экономикалық Одаққа кірейін деп жатырмыз. 20 жыл ішінде біраз жетістікке қол жеткізіппіз. Дегенмен, қоғамда әр түрлі алаңдаушылықтар туындап отыр. «Егемендігімізден айрылып қалмаймыз ба?» дегендей сұрақтар айтылуда. Көп адамға Қазақстан Кедендік Одақта ұтылып жатқандай көрінеді. Шын мәнісінде олай емес. Жалпы алғанда, еліміз сыртқы саудада тек кіріспен келе жатыр. Былтыр сауда айналымы 26-27 миллиард долларды құрады. Алдыңғы жылы 40 млрд. доллар болған.

- Осы жерде мынадай сұрақ туындайды. Қазақстанның қай елмен экономикалық қарым-қатынасы жоғары деңгейде? Еліміз отандық тауарларды қай елгге көп экспорттайды?

- Әрине Ресейге. Алып көршімізге жіберетін сұранысқа ие тауарлар көп. Тіпті елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлығы дерлік осы Ресейге шығарылады. Мұны экономикалық интеграция демей көріңіз. Қазір дүние жүзінде интеграциялық үдерістер жақсы дамып жатыр. Еуроодақтың өзінің интеграциялық құбылыстарға қатысы бар. Әлемнің түкпір-түкпірінде еркін сауда аймақтары, Кедендік, Экономикалық одақтар құрылып жатыр. Ал енді сонда Қазақстан қай елмен экономикалық одақ құруы керек? Әрине, Ресеймен. Ресей - ғасырлар бойы қарым-қатынас жасап келе жатқан, құдай қосқан көршіміз.

- Алдағы мамыр айында Астанада, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылайын деп отыр. Осы одаққа енген соң, Қазақстанның басқа елдермен экономикалық қарым-қатынасы қалай болмақ?

- Қараңыз, қазір Қазақстанның экономикасында, тауар айналымы бойынша Кедендік Одақтың алатын үлесі 18,4 пайыз. Қалғандары негізінен Қытай мен Еуроодаққа тиесілі. Яғни, бұл жерде ешбір ел шеттетіліп қалмайды. Қытайдың өзін алып қараңыз. Қазір, бұл ел Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуда тауар айналымы бойынша екінші орынға шықты. Болашақта бірінші орынға шығуы мүмкін. Қытай бізге арзан тауарлар береміз деп отыр. Бұрынғыдай халық тұтынатын арзан тауарлар емес. Жіберіп жатқандарының барлығы күрделі техникалар. Құрылыс техникалары, жол саласына қатысты техникалар, компьютерлер және тағы басқалар. Қытайдың болашақта бірінші орынға шығатынына ешқандай күмән жоқ.

- Рахман Алшанұлы, Кедендік Одаққа байланысты, қоғамда әр түрлі пікірлер бар екені рас. Мысалы тарифтік саясат бойынша ресейліктерге қарағанда отандық бизнесмендерге ауыртпалықтар көп түсіп жатқан жоқ па?

- Біз, тек Ресеймен ғана емес, сонымен қатар 184 елмен қарым-қатынас жасаймыз. Ал енді «Неге Ресейдің тауарлары қаптап кетті?» - деген сұрақтар бар. Бұған айтарым, егер қарасаңыздар, Ресейдің бізге қарағанда бизнесі ірілеу. Жер көлемі де үлкен. Ал біздің өндірмейтін тауарларымыз көп! Оларды керісінше Ресей өндіреді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген бар емес пе! Ал отандық бизнесмендерге келетін болсақ, олар ішкі нарыққа әбден үйреніп қалған. Ресейдің ішкі нарығына шығу үшін, олар шығарып жатқан өнімдерін кем дегенде сегіз есе, яғни 800 пайызға арттырулары керек! Оған олардың шамасы келе ме? Тіпті өндірісті 20-30 пайызға арттырудың өзі қиын, қазір. Ол үшін өндірісті дамыту керек, инвестиция қажет. Жаңа цехтар салу керек дегендей. Бұл енді болашақтың жұмысы.

- Соған қарамастан, Кедендік Одақ аясында Қазақстаннан Ресейге шығарылып жатқан бәсекеге қабілетті тауарларды айтып бере аласыз ба? 

- Бұл жағынан мақтанатын да жайымыз бар. Мысалы, Ресейге биыл 31 мың тонна сүт шығардық. Қазақстанның ұны, макароны, яғни кеспелері Ресейде сұранысқа ие болып жатыр. Ресейге сонымен қатар, миллион тонна бидай жібердік. Ресей өзі де бидай өсіреді, бірақ Қазқстанның бидайының сапасы өте жоғары. Ресей билігі мұны түсіне бастады. Қазір бұрынғыдай шектеу жоқ. Тағы бір мысал, Алматыда желдеткіш шығаратын зауыт, қазір өз өнімдерінің 30-40 пайызын Ресейге жөнелтеді. Тіпті Воронеж қаласында жергілікті нарықты зерттейтін өкілдігін ашайын деп отыр! Өйткені шығаратын өнімі бәсекеге қабілетті, бағасы да арзан, салмағы да жеңіл әрі ұзақ мерзімге шыдайды. Кентаудың трансформаторлық зауыты өзіміздің Орал қаласында зауыт салайын деп жатыр. Шығаратын өнімдерін болашақта Ресейге жөнелтетін болады. Проблема жоқ. Бізде де инновациялық бағдарлама бойынша көп кәсіпорындар ашылып жатыр! Олар толық қуатына енсе, жергілікті нарықты бірнеше айдың ішінде-ақ қамтамасыз етеді. Ал одан кейін ше? Не істеу керек? Сол үшін, салынып жатқан кәсіпорындар тоқтаусыз жұмыс істеулері үшін, бізге Ресейдің ішкі нарығы ауадай қажет.

- Рахман Алшанұлы, қазіргі заманда ашық экономика саясатын ұстану қаншалықты қажет?

- Біздің мақсатымыз жаhандану үдерістерін, оның заңдылықтарын халыққа түсіндіру. Біріншіден, Қазақстан бұдан ешқашанда ұтылмайды. Бізге интеграция ауадай қажет. Жабық экономика деген жоқ бүгінде. Қазақстан үшін жалғыз жол - ашық экономика саясатын ұстану. Біз бүгін сол үшін де жиналып, біріншіден, интеграцияның қажеттілігін, екіншіден, оның ерекшелігін, үшіншіден, туындайтын мәселелерді ашық айтып, ортаға салып шешу керектігін айтып, талқыладық.

- Сонда қандай мәселелер туындауы мүмкін?

- Мысалы Еуроодақты алайық. Олар Чехияны қабылдар кезде, бұл елге нақты шарттар қойды. «Мына тауарды мынадай пайызға өсіресің, ал мына тауардың шығарылымын мынадай пайызға төмендетесің, әйтпесе одаққа кірмейсің» деген секілді шарттар. Бізде қазір барлығы ашық кетті ғой, орынсыз бәсекелестіктер орын алды. Сондықтан енді келеңсіз жәйттер, түсініспеушіліктер туындамас үшін, Еуразиялық комиссарлар болуы керек. Олар жағдайды бағамдайды. Қарапайым тілмен айтқанда екі ел арасындағы сауда қатынасында: «Әй, көке, тұра тұрыңдар, Қазақстанға мына тауарды тек мынанша көлемде әкелесің. Ал басқа тауарды басқалар әкеледі» деген секілді. Сондықтан бұл мәселеде өзара түсіністік қажет.

- Болашақта ортақ валюта болуы мүмкін бе?

- Бұл тақырып көтерілді. Бірақ ортақ валюта шығаруға әлі ерте. Ол өте күрделі мәселе. Еуроодақтың өзі еуроны батыстың бір емес, әр елінде шығарады.  Қаржы қатынастарын реттеу оңай шаруа емес. «Ертең мұнай бағасы төмендеп кетсе не істейміз?» дегендей сұрақтар туындайды. Сондықтан бұл мәселе әлі 2025 жылға дейін талқыланады. 

Әңгімеңізге рахмет!

www.inform.kz

Ілгері Көрушілер саны: 718